Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялаудың өтпелі кезеңі аяқталуға жақын. Жаңа талаптар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Лицензиялау барысында ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділігі және қызмет көрсету шарттарының заңнамаға сәйкестігі бағаланады.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттік лицензияны 617 ұйым алған. Оның ішінде 451 коммуналдық мемлекеттік мекеме және 166 үкіметтік емес ұйым бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 104 мың адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Қызмет алушылар қатарында қарттар, мүгедектігі бар адамдар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ азаматтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының құрбандары, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар бар.
Ең көп сұранысқа ие қызмет түрі – үйде әлеуметтік қызмет көрсету. Бүгінде бұл қызметті 60 мыңнан астам қазақстандық пайдаланады.





