Қазақстанда жол құрылысына қажетті битум өндірісі артты. Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министр Олжас Бектеновке Президент тапсырмасы аясында «Caspi Bitum» БК» ЖШС-да жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижелері таныстырылды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың айтуынша, зауытты жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін өсті.
Бүгінде зауыт ҚР СТ 1373 стандартына сәйкес мұнай жол битумын ғана емес, жоғары беріктігімен ерекшеленетін модификацияланған битумды және жыл бойы жөнелтуге мүмкіндік беретін 200 мың тоннаға дейін қапталған битумды да өндіреді.
«Бұл зауыттың бірегейлігі – ол тек Қаражанбас кен орнының мұнайынан битум өндіруге маманданған. Қазіргі таңда “ҚазМұнайГаз” құрамындағы екі зауыттың жалпы өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна битумды құрайды. Бұл елдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Асхат Хасенов.
Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» құрамында екі битум зауыты жұмыс істейді: Ақтаудағы Caspi Bitum жылына 750 мың тонна, ал Павлодардағы кәсіпорын 500 мың тонна өнім шығара алады.





