Бізге жазылыңыз:

Қазақстан ЖИ инфрақұрылымына $10 млрд инвестиция тартты

Қазақстан ЖИ инфрақұрылымына $10 млрд инвестиция тартты

Қазақстан жасанды интеллект саласын дамыту мақсатында америкалық Firebird стартапы және NVIDIA компаниясымен жалпы құны 10 млрд доллар болатын келісімге қол қойды.

Жоба аясында Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» салынады. «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, жоба үшін 1,4 мың гектар жер бөлінген. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына сәйкес болады.

Орталықтарды заманауи ЖИ жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін NVIDIA-ның 100 мыңға жуық графикалық процессорымен жабдықтау жоспарланған.

Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде 5 млрд доллар инвестиция салынады, оның ішінде 1 млрд долларды «Қазақтелеком» бөледі. Бұл кезеңнің құрылысы 2027 жылы аяқталып, нысан пайдалануға берілуі тиіс. Қаржыландыру аясында «Қазақтелекомның» еншілес компаниясы AIX биржасында 1,2 млрд долларлық бағдарлама шеңберінде алғашқы 41,5 млн долларлық облигацияларын орналастырды.

Екінші кезеңде тағы 5 млрд доллар инвестиция тарту көзделген. Оның нақты мерзімдері кейін анықталады.

Келісімге сәйкес, Firebird компаниясының Қазақстандағы бөлімшесі есептеу инфрақұрылымын құру мен қаржыландыруға жауап береді. «Қазақтелеком» электр энергиясын, салқындату жүйелерін және интернет байланысын қамтамасыз етеді. Ал NVIDIA жобалауға қолдау көрсетіп, қажетті технологиялар мен чиптерді жеткізеді.

Сонымен қатар Цифрлық даму министрлігі мен Firebird компаниясы Alem.ai базасында жаңа зертхана ашу туралы уағдаласты.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, жоба Қазақстанның географиялық орналасуы мен энергетикалық әлеуетін пайдалана отырып, елді өңірлік цифрлық хабқа айналдыруды көздейді. Осы мақсатта Каспий теңізінің түбі арқылы Әзербайжанға бағытталған талшықты-оптикалық байланыс желісі де тартылып жатыр.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің бағалауынша, жоба толық іске қосылғаннан кейін Қазақстан экономикасына жыл сайын кемінде 3 млрд доллар табыс әкелуі мүмкін. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құрып, елдің Еуразиядағы цифрлық торап ретіндегі рөлін күшейтеді.

Firebird — АҚШ-та құрылған жасанды интеллект саласындағы стартап. Компания NVIDIA-мен бірлесіп Арменияда да ұқсас суперкомпьютер жобасын жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы ол елге америкалық чиптерді экспорттауға АҚШ билігінің ресми рұқсатын алған.

Ұқсас материалдар