Бізге жазылыңыз:

Қазақстан су саласын цифрландыруға басымдық беріп отыр

Қазақстан су саласын цифрландыруға басымдық беріп отыр

Астанада «Су ресурстарын басқару: стратегия және цифрлық трансформация» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында Қазақстанның су саласын дамыту, су ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Нидерланд Корольдігінің дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Мартин ван Бюрен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Айжан Скакова, Арман Хайруллин және Шынасыл Ерназар қатысты.

Дөңгелек үстелді Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі және Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп, Chevron және Caravan of Knowledge қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрліктерінің өкілдері, Еуразиялық даму банкі, PowerChina корпорациясы, Француз даму агенттігі (AFD), халықаралық сарапшылар, технологиялық компаниялар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Қатысушылар су саясатының мемлекеттік басымдықтарын, бассейндік жоспарларды іске асыруды, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды және салаға инвестиция тартуды талқылады.

Су саласын цифрландыруға басымдық берілді

Кездесуде су секторын цифрлық трансформациялау мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін дамыту, цифрлық мониторинг пен болжам жасау, ақпараттық жүйелерді біріктіру және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға арналған заманауи технологияларды қолдану мәселелері қаралды.

Сонымен қатар дөңгелек үстел аясында су ресурстарын басқару саласындағы әріптестікті нығайтуға және өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдармен алмасу рәсімі өтті.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, стратегиялық жоспарлау мен цифрландыру су ресурстарын басқарудың бірыңғай жүйесінің өзара байланысты бағыттары болып саналады.

«Біз жоспарлы құжаттарды әзірлеуден оларды іс жүзінде қолдануға көшуіміз керек. Бассейндік жоспарлар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытудың басымдықтарын айқындауға, су ресурстарын ұтымды бөлуге және су тапшылығы тәуекелдерінің алдын алуға негіз болуы тиіс», – деді министр.

Оның атап өтуінше, цифрландыру нақты нәтижеге бағытталуы қажет. Бұл – суды дәл есепке алу, сапалы болжам жасау, тәуекелдерді уақтылы анықтау және су шаруашылығы шараларын негізді жоспарлау.

Ұқсас материалдар