Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді. Жаңа шаралар Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында және 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауға байланысты қолға алынбақ.
Министрдің айтуынша, отандық өндірісті дамыту қазірдің өзінде ауқымды инвестициялармен қатар жүріп жатыр. 2023 жылдан бері елімізде жалпы құны 4,6 трлн теңгені құрайтын 670 жоба іске асырылды. Осы кезеңде қазақстандық кәсіпорындар шамамен 6 трлн теңгенің өнімін өндірді. Оның үштен бір бөлігі экспортқа бағытталған.
2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын тағы 200 жобаны іске қосу және 17 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 130 жоба пайдалануға берілді. Жаңа өндірістердің басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау және тамақ өнеркәсібі салаларына тиесілі.
Стратегиялық инвестициялық бастамаларға да ерекше назар аударылып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, 17 ірі жобаны жүзеге асыру басталды, оның тоғызына бейінді министрлік жетекшілік етеді. Іске қосылған кәсіпорындардың қатарында KIA Qazaqstan және Astana Motors автомобиль зауыттары бар. Келер жылдың басында Павлодар облысында жылына 160 мың тонна темір мен болат өндіретін зауыттың бірінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр.
Өнеркәсіпті қолдаудың тағы бір құралы — арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар. Қазіргі уақытта 19 АЭА мен 69 индустриялық аймақта 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған 900-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорындар 22,3 трлн теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық төлеген.
Сонымен қатар билік арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу тәсілдерін өзгертуді көздеп отыр. Жаңа модель инвестор келгенге дейін инженерлік және өндірістік инфрақұрылымды дайындауды, басқару жүйесін жаңартуды және жобаларды қолданыстағы кәсіпорындардың нарықтағы сұранысы мен өндірістік жүктемесін ескере отырып іріктеуді қарастырады.
Ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың сатып алулары арқылы қазақстандық жеткізушілерді қолдау тетіктері де кеңейтілуде. Бірінші жартыжылдықта сатып алу көлемі 7,5 трлн теңгені құрады. Оның жартысынан астамы отандық жеткізушілерге тиесілі болды. Мемлекеттік сатып алуда басымдық берілетін тауарлар тізіміне 5 мыңнан астам позиция енгізілген, ал отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттар саны 169 мыңға жуықтады.
Елде бұрын өндірілмеген өнім түрлерін игеру үшін ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар қолданылып келеді. 2023 жылдан бері тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындармен жалпы сомасы 800 млрд теңгеге жуық 104 осындай келісім жасалған. Мұнай-газ секторында 3 млрд теңгеге 109 келісімшарт жасалса, «Самұрық-Қазына» қорының жаңа өндірістер ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңгеге 1,4 мыңнан астам келісімге қол қойылған.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, осы тетік арқылы қазақстандық компаниялар мұнай-газ, энергетика және тау-кен металлургия салаларына қажетті өнімдерді өндіруді игеріп жатыр. Мәселен, KSP Steel мұнай-газ саласына арналған құбырлар өндірісін іске қосты. Жоба құны — 7,5 млрд теңге. Ал Asia Trafo энергетика саласына арналған трансформаторлар мен реакторлар шығаратын кәсіпорын құрды, оған 40 млрд теңге инвестиция салынған. Офтейк-келісімшарттар арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаларға жалпы 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Алдағы уақытта осындай тетіктерді құрылыс саласында да кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілікке талдау жүргізіліп, жаңа өндірістер ашуды қажет ететін бағыттар айқындалады.
Бұл ретте цифрландыруға ерекше мән беріледі. Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімінде 84 мыңға жуық өнім түрін шығаратын 2,7 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Тізілімдегі мәліметтер құрылыс нысандарын жобалау мен іске асырудың барлық кезеңінде пайдаланылмақ. Бұл отандық материалдардың қолданылуын бақылауға және оларды импорттық өнімдермен негізсіз алмастыруға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, өндіріс пен қызмет көрсету кезінде қазақстандық тауарларды пайдалану талаптары күшейтіледі. Өнім өндіру туралы деректерді талдау үшін жасанды интеллект қолданылып, кәсіпорындардың өндірістік қуаттарының жүктемесін бақылауға арналған арнайы цифрлық панель құрылады.
Басым бағыттардың қатарында өнеркәсіптік кластерлерді дамыту және ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнеспен өндірістік кооперациясын нығайту да бар. Сонымен бірге реттелетін сатып алулар аясында тапсырыс берушілердің отандық өнімді сатып алу талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылуда.
Министрдің айтуынша, бұл шаралар қазақстандық өнімге деген сұранысты арттыруға, жаңа өндірістер ашуға және жергілікті өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесін ұлғайтуға бағытталған.





