Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 39 млн тоннаға дейін арттырады

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 39 млн тоннаға дейін арттырады

Қазақстан мұнай өңдеудің жалпы қуатын жылына 39 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаты 10 млн тоннаға дейін жететін жаңа ірі мұнай өңдеу әрі мұнай-химия кешенін салу арқылы қол жеткізу көзделген.

Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан KIOGE 2026 халықаралық көрмесі мен конференциясында ҚР Энергетика министрлігінің Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев мәлімдеді.

Жаңа зауыттың орны жыл соңына дейін анықталады

Жаңа кешенді 2033 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Қазір жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, төрт ықтимал алаң салыстырылып жатыр.

Олар Ұлытау, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында орналасқан. Өңірді түпкілікті таңдау 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.

«Біз жаңа МӨЗ жобасын іске асыруды жеделдету туралы шешім қабылдадық. Жыл соңына дейін төрт ықтимал облысқа бағалау жүргізіліп, содан кейін құрылыс үшін оңтайлы өңір ресми түрде анықталады. Жаңа зауыт заманауи мұнай-химия кластерінің өзегіне айналады», – деді Дәулет Арықбаев.

Қолданыстағы МӨЗ-дер де кеңейтіледі

Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу кәсіпорындарының жиынтық қуатын қазіргі 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін CNPC-нің Шығыс-Қытай жобалау институты әзірлеп жатыр.

Павлодар мұнай-химия зауытының қуатын 2031 жылға қарай 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу көлемі 2028 жылға қарай кезең-кезеңімен 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін артады. Кәсіпорында жөндеу жұмыстарын үш жыл сайын жүргізу цикліне көшу жоспарланған.

Мұнай құбырларының өткізу қабілеті артады

Өңдеу көлемінің өсуіне байланысты зауыттарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін мұнай тасымалдау инфрақұрылымы да жаңғыртылады.

Шымкент МӨЗ-інің кеңейтілген қуатын қамтамасыз ету үшін Қазақстан–Қытай мұнай құбыры жүйесін кеңейту, бес жаңа мұнай айдау станциясын салу және ұзындығы 189 шақырым болатын лупинг тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар Кенқияқ–Атырау мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млн тоннаға, ал Кенқияқ–Құмкөл учаскесінің мүмкіндігін 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Жобаны Қытай тарапымен паритеттік негізде іске асыру мүмкіндігі қарастырылуда.

Бұған дейін Caspi Bitum зауытын кеңейту аяқталып, кәсіпорынның мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 млн тоннаға жеткізілді. Жол битумын өндіру көлемі де жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар Қазақстанда Jet A-1 авиациялық керосинін өндіруді іске қосу жоспарланып отыр.

Мұнайдың басым бөлігі экспортқа шығарылады

Дәулет Арықбаевтың айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы экспортқа жөнелтіледі. Оның шетелге шығарылатын көлемінің 80%-дан астамы Каспий Құбыр Консорциумы арқылы тасымалданады.

Мұнай экспорты үшін бұдан бөлек Атырау–Самара бағыты, Қытай бағыты, сондай-ақ Ақтау порты арқылы Транскаспий халықаралық көлік маршруты пайдаланылады. Соңғы бағыт бойынша мұнай одан әрі Баку–Тбилиси–Джейхан құбырына жеткізіледі.

Ұқсас материалдар