ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстан мен Өзбекстан темір жол тасымалы көлемін 60 млн тоннаға дейін арттырады
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол қатынасының стратегиялық маңызын атап өтті. Бұл бағыт екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын нығайтуда, халықаралық транзитті дамытуда және өңірлік көлік интеграциясын кеңейтуде негізгі рөл атқарады. Сонымен қатар тасымал көлемін ұлғайту мен логистикалық бағыттардың тиімділігін арттыруда елеулі әлеует бар екені айтылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы теміржол тасымалы көлемі 32,3 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары.
Тасымал көлемін кезең-кезеңімен арттыру және келісілген өткізу қабілеті параметрлеріне қол жеткізу мақсатында тараптар Бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжатта Сарыағаш, Оазис және Сырдария түйіспелерінде инфрақұрылымды дамыту көзделген. Атап айтқанда, Дарбаза–Мақтарал учаскесін қамтитын негізгі жобаларды аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Сарыағаш түйіспесі арқылы тәулігіне 36 жұп пойыз өтеді, жоспар бойынша бұл көрсеткішті 40 жұпқа дейін жеткізу көзделген. Оазис арқылы тәулігіне 2 жұп пойыз қатынасады, болашақта 10 жұпқа дейін арттыру жоспарланған. Сырдария түйіспесі арқылы Дарбаза–Мақтарал учаскесі іске қосылғаннан кейін тәулігіне 10 жұп пойыз өткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Кеңес барысында инфрақұрылымдық және жөндеу жұмыстарын үйлестіру, бақылау рәсімдерін жетілдіру, технологиялық өзара іс-қимылды оңтайландыру және тасымал процесінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және теміржол тасымалы көлемін кезең-кезеңімен арттыруға өзара мүдделілігін растады.





