Астанада Қазақстан мен Жапонияның энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы көпжылдық ынтымақтастығы қорытындыланды. Nazarbayev University алаңында «Қазақстанда энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыруға жәрдемдесу» жобасының қорытынды семинары өтті.
Жоба бойынша жұмыс 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қорытынды іс-шара барысында энергетикалық менеджмент пен энергия аудитін жетілдіру, энергия үнемдейтін құрылыс және энергия тұтынуы нөлге жуық ғимараттар тұжырымдамасын — ZEB/ZEH дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Алибеков жобаның практикалық маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, жоба аясында энергия тиімділігінің тек технологиялық қырымен шектелмей, мәселенің кешенді түрде қарастырылғаны аса маңызды. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік реттеу, заманауи технологиялар, білікті мамандар, сондай-ақ бизнес пен халықтың мүдделілігі бір арнаға тоғысуы қажет», – деді ол.
Жоба аясында ғимараттардың энергия тұтынуына зерттеулер жүргізіліп, әртүрлі сценарийлер бойынша модельдеу жасалды. Қазақстандық мамандар Жапонияда біліктілігін арттырып, энергия аудиті жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі.
Жобаның негізгі нәтижелерінің бірі — Қазақстанда ZEB/ZEH тұжырымдамасын дамыту және енгізу жөніндегі жол картасының әзірленуі.
JICA сарапшысы Кобаяши Хиронори Қазақстанның климаттық ерекшеліктеріне қарамастан, энергия үнемдеу технологияларын енгізу әлеуеті жоғары екенін айтты. Жүргізілген талдауға сәйкес, заманауи шешімдерді пайдалану арқылы ғимараттардың энергия тұтынуын 73,4%-ға дейін қысқартуға болады.
«Алайда мұндай технологиялардың кеңінен қолданылуы үшін олардың экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Сондықтан алдағы міндет – энергия тиімді технологиялардың техникалық нәтижелілігімен қатар, экономикалық жағынан да тартымды болуына жағдай жасау», – деді сарапшы.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов жобаның аяқталуы ынтымақтастықтың соңы емес екенін атап өтті.
«Біз жобаның аяқталуын ынтымақтастықтың тоқтауы деп емес, жинақталған тәжірибені алдағы жұмыста пайдалануға берілген мүмкіндік деп қабылдаймыз. Ұлттық энергия үнемдеу орталығы JICA-мен, жапондық сарапшылармен және қазақстандық серіктестермен жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және нақты жобалар аясында жұмыс істеуге әрдайым дайын», – деді ол.
Семинарда энергияны ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру және халықтың хабардарлығын арттыру мәселелері де қаралды. Іс-шара барысында EnergySave байқауының жеңімпаздары анықталды.
Жоба нәтижелері Қазақстандағы энергия үнемдеу жүйесін жетілдіруде, мамандар даярлауда, нормативтік тәсілдерді жаңартуда және энергия тиімділігінің заманауи құралдарын енгізуде пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан тарапы жапондық әріптестермен сараптамалық тәжірибе алмасуды жалғастырып, энергия тиімділігі саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді.





