Kaztraffic-2026 халықаралық көрмесі аясында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Қытай компанияларының өкілдері көлік саласын цифрландыру және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу B2G форматында өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Дамир Қожахметов қатысты.
Тараптар екі елде интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, жол қозғалысын басқаруда жасанды интеллектіні қолдану, көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға арналған цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу жолдары талқыланды.
Кездесу барысында Қазақстан тарапы көлік саласындағы цифрлық технологияларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды, іске асырылып жатқан жобаларды және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізудің перспективаларын таныстырды.
Қытай компаниялары өз кезегінде интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту тәжірибесімен бөлісіп, жол қозғалысын цифрлық басқару, жасанды интеллектіні пайдалану және заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты жобаларын ұсынды.
Талқылау барысында жасанды интеллектінің көлік саласындағы өзекті мәселелерді шешудегі мүмкіндіктеріне, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіруге және көлік ағындарын басқару тиімділігін арттыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу Көлік министрлігі мен Қытайдың технологиялық компаниялары арасында тәжірибе алмасуға және Қазақстанның көлік инфрақұрылымына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашты.





