Қазақстанда төрт жыл ішінде «Орталық Азия – Қытай» магистральдық газ құбырының А, В және С желілері арқылы газ тасымалдаудың меншікті көміртек сыйымдылығы 16,5%-ға төмендеді. Сонымен қатар компаниялар мұнай-газ саласының тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізіп жатыр. Осы және басқа да нәтижелер 18 қарашада Астанада өткен «Энергетикалық күретамырлар және жасыл даму» семинарында таныстырылды.
Іс-шара Назарбаев Университетінде CNPC Central Asia Ltd. бастамасымен және «Азиялық Газ Құбыры» ЖШС қолдауымен өтті. Оған Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық компанияларының, бейінді ұйымдардың 100-ге жуық өкілі, сондай-ақ университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Талқылаудың негізгі тақырыптары құбыр көлігінің даму перспективалары, мұнай-газ саласында үлкен тілдік модельдерді қолдану, инфрақұрылымды цифрландыру және экологиялық технологиялар болды.
Энергетикалық инфрақұрылым қалай өзгеріп жатыр
Негізгі тақырыптардың бірі газ тасымалдаудың экологиялық тиімділігін арттыру болды. «Азиялық Газ Құбыры» ЖШС мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында «Орталық Азия – Қытай» магистральдық газ құбырының А, В және С желілері арқылы газ тасымалдаудың меншікті көміртек сыйымдылығы 16,5%-ға төмендеген.
Технологиялық процестерді оңтайландыру нәтижесінде компания ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге қол жеткізді. Газ айдау көлемінің өзгеру әсерін есепке алмағанда, меншікті технологиялық қажеттіліктерге жұмсалатын газды үнемдеу көлемі 46,5 млн текше метрді құрады. Бұл көмірқышқыл газының шығарындыларын шамамен 100,4 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік берді.
«Азиялық Газ Құбыры» ЖШС бас директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Чжао Фань атап өткендей, экологиялық тиімділікті арттыру компания жұмысының тұрақты бағыттарының біріне айналған.
«Экологиялық талаптар құбыр инфрақұрылымын пайдаланудың барлық кезеңінде ескеріледі. Біз мониторинг пен басқару тәжірибесін үздіксіз жетілдіріп, энергия тұтынуды оңтайландырып, тасымалдау сенімділігін жоғары экологиялық жауапкершілікпен үйлестіруге мүмкіндік беретін озық шешімдерді енгізіп келеміз», – деп атап өтті ол.
Мұнай-газ саласындағы жасанды интеллект және цифрландыру
Семинарда энергетикалық инфрақұрылымды басқару тәсілдерін өзгерте алатын технологияларға ерекше назар аударылды.
Қытай мұнай университетінің (Бейжің) профессоры Гун Цзин мұнай мен газды сақтау және тасымалдау саласында үлкен тілдік модельдерді қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.
Мұнай-газ секторын цифрландыру перспективалары туралы Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының мұнай-газ құбыр жүйелері департаментінің аға сарапшысы Мерген Жақсылықов баяндады.
Қазақстандағы құбыр көлігінің даму тарихы мен оның болашақ перспективаларын «Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин таныстырды.
Талқылау барысында саланың одан әрі дамуы тек жаңа нысандар салумен ғана емес, қолданыстағы инфрақұрылымның тиімділігін арттырумен, оны цифрландырумен және қоршаған ортаға әсерін азайтумен де тығыз байланысты екені атап өтілді.
7,5 мың шақырымнан астам құбыр желісі
Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық отыз жылға жуық уақыт бойы дамып келеді. Осы кезеңде мұнай мен газды тасымалдауға арналған кең ауқымды инфрақұрылым қалыптасты.
Бүгінде төрт бірлескен кәсіпорын жалпы ұзындығы 7 591 шақырымды құрайтын алты мұнай және газ құбырын пайдаланып отыр.
Олардың қатарында «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры, «Қазақстан – Қытай» және «Атырау – Кеңқияқ» мұнай құбырлары, сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбыры бар.
CNPC Central Asia Ltd. бас директорының орынбасары Гао Биннің айтуынша, алдағы ынтымақтастық инфрақұрылымды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бағытталады.
«Бірлескен магистральдық мұнай және газ құбырлары жобалары Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық өзара іс-қимылдың маңызды бөлігіне айналды. Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, біз инфрақұрылымды дамытуды, заманауи шешімдерді енгізуді және оны пайдалану тиімділігін арттыруды жалғастырамыз», – деді Гао Бин.
Қазақстандағы 30 жылға жуық қызмет
2027 жылы CNPC корпорациясы Қазақстандағы қызметінің 30 жылдығын атап өтеді. Компания еліміздегі жұмысын 1997 жылы бастаған. Оның алғашқы жобасы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ болды.
Компания мәліметінше, осы кезеңде барлық деңгейдегі бюджеттерге төленген салықтар мен кедендік төлемдердің жалпы көлемі 50 млрд доллардан асты. Әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға тағы 400 млн доллардан астам қаражат бағытталды.
Мұнай-газ жобалары аясында 22 мыңнан астам тікелей жұмыс орны құрылды. Бұл ретте қазақстандық мамандардың үлесі 98%-ға жетеді.
Ал жобалар есебінен жанама түрде жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 90 мың адамға бағаланып отыр.
Фотосуреттердегі энергетикалық ынтымақтастық
Іс-шара аясында Назарбаев Университетінде «Фотообъективтегі Жібек жолының энергетикалық күретамырлары» атты фотокөрме де ашылды.
Экспозиция Қазақстан мен Қытайдың құбыр көлігі саласындағы жиырма жылдан астам ынтымақтастық тарихына арналған. Фотосуреттерде энергетикалық инфрақұрылыс құрылысының маңызды кезеңдері, нысандардың пайдаланылуы және осы салада еңбек етіп жүрген адамдар бейнеленген.
Көрме CNPC Central Asia Ltd. және «Азиялық Газ Құбыры» ЖШС қатысуымен E-Light «Жарық энергиясы» бастамасы аясындаұйымдастырылды. Бұл бастама корпорацияның мәдени, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын біріктіреді.
Фотокөрме Назарбаев Университетінде екі күн бойы, 18 және 19 қарашада, келушілер үшін ашық болады.
Іс-шара Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту, заманауи технологияларды енгізу және мұнай-газ секторының экологиялық тиімділігін арттыру мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.
Анықтама
CNPC – әлемдегі ең ірі энергетикалық корпорациялардың бірі. Компания 2026 жылғы Fortune Global 500 рейтингінде 10-орын алады. Корпорация әлемнің 33-тен астам елі мен өңірінде қызмет атқарады.
«Азиялық Газ Құбыры» ЖШС – «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited компаниясының бірлескен кәсіпорны. Ол «Орталық Азия – Қытай» газ құбырының Қазақстан аумағындағы бөлігін пайдалануды жүзеге асырады.
«QazaqGaz» ҰК» АҚ – Қазақстанның ұлттық газ компаниясы. Ол газ саласының бүкіл өндірістік тізбегі бойынша қызмет атқарады.





