Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Гуандун провинциясы арасындағы сауда бір жылда 37% өсті

Қазақстан мен Гуандун провинциясы арасындағы сауда бір жылда 37% өсті
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында екіжақты тауар айналымы 15 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,9% -ға артық .

Министр Гуандун провинциясының мүмкіндіктеріне де тоқталды. ЖІӨ көлемі 1,9 трлн доллар болатын өңірдің Қазақстанмен саудасы былтыр 37,3%-ға өскен. Миссия аясында бірнеше құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде «QazTrade» экспортты дамыту ұлттық операторы мен Guangdong Chamber of Commerce of Importers & Exporters арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Келіссөз нәтижесінде қазақстандық рапс майы, құрама жем ұны мен арпаны жалпы құны 45 млн доллар болатын көлемде жеткізу туралы нақты уағдаластық жасалды. Бұған қоса, қытайлық компаниялар қазақстандық қытырлақ нанға, табиғи шырынға және құрғақ түйе сүтіне қызығушылық білдірді, — делінген хабарламада.
Форумда тек сауда емес, көлік-транзит саласы да талқыланды. Бүгінде Қазақстан басты транзиттік дәліз ретінде, Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің 80%-дан астамын қабылдайды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Транскаспий дәлізі аясында 2030 жылға дейін Орта дәліз арқылы жүк тасымалын жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделген. Инвестициялық бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 26,4 млрд доллар көлемінде қытайлық инвестиция тартылған. Қазіргі таңда құны 66 млрд доллардан асатын 224 бірлескен индустриялық жоба іске асырылып жатыр, оның 67-сі толық аяқталған. Бұл өзара сенім мен ұзақмерзімді серіктестіктің айқын көрсеткіші.

Арман Шаққалиев сөзін қортындылай келе гуандундық кәсіпкерлерді Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға шақырды:

— Біз шетелдік серіктестерге тиімді шарттар, салықтық жеңілдіктер мен заманауи инфрақұрылым ұсына аламыз. Қазақстан Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс пен Еуропа нарығына шығудың алтын көпірі бола алады, — деді.
Миссия нәтижесінде тараптар сауда көлемін ұлғайтуға, жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. Гуанчжоудағы бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңі ретінде бағаланды.

Ұқсас материалдар