Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Грузияның аграрлық саудасы 116 млн доллардан асты

Қазақстан мен Грузияның аграрлық саудасы 116 млн доллардан асты

Қазақстан мен Грузия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 77%-ға өсіп, 116 млн АҚШ долларынан асты. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрі Давид Сонгулашвилимен кездесуінде мәлім болды.

Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын ұлғайту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Айдарбек Сапаров Грузияның Қазақстан үшін Кавказ өңіріндегі маңызды серіктестердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы екі ел экономикасындағы стратегиялық салалардың бірі саналады.

Министрдің мәліметінше, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы айтарлықтай өсім көрсетіп, бұл екі ел арасындағы әріптестіктің әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді.

Өз кезегінде Давид Сонгулашвили аграрлық сектордағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, сауда көлемін арттыруға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және агроөнеркәсіп саласындағы заманауи технологиялармен алмасуға Грузияның мүдделі екенін жеткізді.

Кездесуде Қазақстанның Грузия нарығына экспортын ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан астық, ұн, өсімдік майы, макарон өнімдері, ет, сүт өнімдері, шоколад және кондитерлік өнімдер жеткізу көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастықты да талқылады. Атап айтқанда, Қазақстаннан Грузияға тірі шошқа мен шошқа етін экспорттауға қатысты ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісуді аяқтау, сондай-ақ асыл тұқымды және тауарлық ірі қара мен ұсақ мал экспортына арналған ветеринариялық сертификаттарды іс жүзінде қолдану мәселелері қаралды.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жандануы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Ұқсас материалдар