Келіссөздер барысында тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының қазіргі жағдайы мен негізгі жетістіктерін талқылады. Транзиттік тасымалдар өсімінің оң динамикасы, жүктерді жеткізу мерзімдерінің айтарлықтай қысқарғаны, контейнерлік тасымал көлемін одан әрі арттыру жоспарлары атап өтілді.
— Каспий аймағындағы порт инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап ЕҚДБ және ЕО қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Ақтау теңіз портындағы айлақтарды қайта жаңарту, сондай-ақ жаңа кемелер салу және Каспий теңізінде паромдық қатынасты дамыту барысы туралы баяндады, — делінген хабарламада.
ЕО мен Қазақстанның көлік саласындағы ынтымақтастығын талқылау аясында тараптар дәліз өткізу қабілетін арттыруға және өңірлік байланысты жақсартуға бағытталған негізгі теміржол жобаларының іске асыру барысын қарастырды.
Тараптар сондай-ақ көлік-логистикалық процестерді цифрландыруды, оның ішінде электронды құжат айналымы мен кедендік ресімдеу платформаларын дамытуды, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру құжаттарын электронды алмасуға көшуді талқылады. Қазақстан ЕО елдерін осы жобаға қосылуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көліктік әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендіктерін растады және Азия мен Еуропа арасындағы сенімді және бәсекеге қабілетті бағыт ретінде Транскаспий дәлізін дамыту бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.





