Қазақстан мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы (БҰҰЕБ) еріктілік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
19 тамызда Астанада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ТМД-ның алғашқы волонтерлер форумына қатысу үшін келген БҰҰЕБ Атқарушы үйлестірушісі Тойли Курбановпен кездесті.
Кездесуде Қазақстан бастамасымен жарияланған Орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылын өткізу аясындағы бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары қаралды.
Тойли Курбанов Қазақстанның волонтерлік қозғалысты халықаралық деңгейде дамытудағы рөлін жоғары бағалады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарар қабылдауын жаһандық еріктілік күн тәртібін ілгерілетудегі маңызды қадам деп атап өтті.
Экологиялық еріктілікке назар аударылды
Кездесу барысында Қазақстанның экологиялық волонтерлік бағытындағы тәжірибесі таныстырылды. Атап айтқанда, Каспий теңізін сақтау, Арал маңы өңірін қалпына келтіру жөніндегі жобалар және азаматтық қоғамды жұмылдыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы сөз болды.
Тараптар қазақстандық волонтерлердің БҰҰ халықаралық агенттіктерінің қызметіне қатысуын кеңейту мәселесін де талқылады. Оның ішінде БҰҰЕБ-ның Толық қаржыландыру бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктер қарастырылды.
Сонымен қатар Қазақстанның еріктілік бастамаларын БҰҰЕБ-ның Арнайы қоры арқылы ілгерілетуге қатысуын кеңейту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Тараптар 2026 жылдан кейін де ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде еріктілік күн тәртібін дамытуға дайын екендерін растады.
Тойли Курбанов БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Қазақстанның еріктілік саласындағы тәжірибесін халықаралық деңгейде әрі қарай танытуға мүдделі екенін білдірді.





