Бізге жазылыңыз:

Қазақстан май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізбек

Қазақстан май өнімдерінің экспортын 1,5 млрд долларға жеткізбек

Қазақстан 2028 жылға дейін май өнімдерінің экспортынан түсетін табысты 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл қазіргі көрсеткіштен 60%-ға жоғары. Жоспарды жүзеге асыру үшін өндірістік қуаттарды кеңейту, шикізат қорын ұлғайту және сыртқы нарықтарға өнім жеткізу мүмкіндіктерін арттыру қарастырылған.

Соңғы бес маусымда Қазақстанның май өнімдері экспортынан түсетін валюталық түсімі 247 млн доллардан 1,232 млрд долларға дейін өсіп, бес есеге ұлғайды. 2025 жылы бұл саланың үлесі өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының 27%-ын құрады.

Қазіргі уақытта еліміздегі май өңдеу кәсіпорындарының жылдық өндірістік қуаты 5,2 млн тоннадан асады. Алдағы жылдары жаңа инвестициялық жобалар арқылы бұл көрсеткішті арттыру және қосылған құны жоғары дайын өнім өндірісін дамыту жоспарланып отыр.

Қазақстанның Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов саланың негізгі міндеттерінің бірі өсімдік майын тазарту қуатын арттыру екенін атап өтті.

«2026–2028 жылдары өсімдік майын тазарту мүмкіндігін 2,1 есе арттырып, жылына 1 млн тоннадан асыру жоспарланып отыр. Бұл бөтелкеге құйылып, қаптамаға салынған тазартылған күнбағыс майының өндірісін 2,4 есе ұлғайтуға және дайын өнім экспортын кеңейтуге жол ашады. Бұдан кейін өсімдік майлары негізінде тағамдық майлар мен маргарин өндірісін дамытуға басымдық беріледі», – деді Ядыкар Ибрагимов.

Қазақстан әлемдік нарықтағы орнын нығайтып келеді

2025 жылы Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын елдер арасында әлемде алтыншы орынға көтерілді. Сонымен қатар Қытайға күнбағыс майын жеткізушілер арасында екінші орынға ие болды.

2024/2025 маркетингтік маусымының қорытындысы бойынша еліміз Қытай нарығына рапс майын жеткізетін бес ірі мемлекеттің қатарына енді. Ал күнбағыс күнжарасын Еуропалық одақ пен Қытайға экспорттау бойынша жетекші үш елдің бірі саналады.

Қазақстандық өнімнің Орталық Азия нарығындағы үлесі де айтарлықтай артқан. Мәселен, Өзбекстанда отандық өсімдік майының үлесі 2017 жылғы 13%-дан 2024 жылы 65%-ға дейін өссе, 2025 жылы 90%-дан асты.

Тәжікстанда да осы кезеңде қазақстандық өнімнің үлесі 15%-дан 74%-ға дейін ұлғайып, былтыр 90%-дан жоғары деңгейге жетті.

Бүгінде Қазақстанда өндірілген май өнімдері әлемнің 20-дан астам мемлекетіне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында Қытай, Орталық Азия, Еуропалық одақ және Таяу Шығыс елдері бар.

Ұзақ мерзімді мақсат – Қазақстанды күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі үздік үш елдің қатарына енгізіп, жылдық экспорттық кірісті 2 млрд долларға жеткізу.

Күнбағыс алқабы рекордтық деңгейге жетті

Саланы дамытудың маңызды бағыттарының бірі – отандық шикізат өндірісін ұлғайту.

2021 жылдан бері Қазақстандағы күнбағыс егістігінің көлемі 2,3 есе өсіп, 958 мың гектардан 2026 жылы рекордтық 2,2 млн гектарға жетті.

Соған қарамастан, май өңдеу кәсіпорындарының шикізатқа деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілмей отыр.

Осы мәселені шешу үшін өңдеуші кәсіпорындар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, 2025 жылы көктемгі егіс жұмыстарына, тұқым, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға 43 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Қытайға экспорт 3,7 еседен астам өсті

Май өнімдерінің экспортын арттыруда көлік-логистика инфрақұрылымының маңызы зор.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын тасымалдауды үйлестіру жұмыстарын жүргізуде.

Нәтижесінде Қытайға өнім жөнелту жоспарының орындалу деңгейі 2023 жылғы 40%-дан төмен көрсеткіштен 90%-дан жоғары деңгейге көтерілді.

Соңғы үш маусымда Қазақстанның Қытайға май өнімдерін экспорттау көлемі 3,7 еседен астам ұлғайды.

Саланы одан әрі дамыту үшін өндірісті жаңғырту, шикізат базасын кеңейту және логистикалық мүмкіндіктерді күшейту көзделген. Бұл шаралар Қазақстанның 2028 жылға қарай май өнімдері экспортын 1,5 млрд долларға жеткізу жоспарын орындауға бағытталған.

Ұқсас материалдар