Қазақстан Үкіметі алдағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруды айтарлықтай арттырмақ. Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, 2026–2028 жылдары бұл бағытқа мемлекет тарапынан шамамен $470 млн инвестиция бөлінеді.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдің минералдық-шикізат базасын кеңейту және ресурстық әлеуетін арттыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау басталды. Бүгінде зерттеліп жатқан жер қойнауының жалпы аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады.
Премьер-министрдің сөзінше, алдағы үш жылға жоспарланған қаржыландыру көлемі соңғы екі онжылдықта геологиялық барлауға жұмсалған шығындармен шамалас.
«Біздің мақсатымыз – тек зерттелген аумақ көлемін ұлғайту емес, озық технологиялар мен цифрлық шешімдерге сүйенетін заманауи геология саласын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс халықаралық серіктестікті кеңейтуге де негіз болады», – деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің пікірінше, жаңа кен орындарын анықтау пайдалы қазбаларды өндіру, өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім шығару жобаларының іске асуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде инвестициялық белсенділікті арттырып, экономиканың өнеркәсіптік секторын дамытуға серпін беруі тиіс.





