Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Қазақстан экономикасындағы оң динамиканы, инфляциялық қысымның төмендеуін және жүргізіліп жатқан макроэкономикалық саясаттың тиімділігін атап өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Амина Ларештің кездесуі барысында мәлім болды.
Кездесуде қор сарапшыларының Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайын, реформалардың басым бағыттарын және алдағы даму перспективаларын бағалау бойынша жүргізген жұмысының алдын ала қорытындылары қаралды.
Олжас Бектенов Қазақстан мен ХВҚ арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтіп, қордың ұсынымдары елдің макроэкономикалық және макропруденциялық саясатын жетілдіруге ықпал ететінін айтты.
Өз кезегінде Амина Лареш Қазақстан экономикасы сыртқы факторларға қарамастан тұрақтылық танытып отырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, мұнай жеткізілімдеріне қатысты сыртқы тәуекелдердің әсері тиімді түрде өтеліп, төлем балансының жағдайы жақсарып келеді. Сонымен қатар қор ақша-несие саясатының нәтижесінде инфляциялық қысымның біртіндеп бәсеңдеп жатқанын оң бағалады.
ХВҚ сарапшылары экономикалық өсімнің тұрақтылығына өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы, көлік және құрылыс секторларындағы белсенділіктің ықпал етіп отырғанын атап өтті. Бұл салалар мұнай өндіру көлемінің төмендеуін белгілі бір деңгейде өтеп отыр.
Қор сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, фискалдық саясаттың тиімділігін арттыру және инфляцияны төмендету бағыттарындағы ілгерілеуге назар аударды. Сонымен бірге инфляциялық тәуекелдерді азайту және квазифискалдық саясатты жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар берілді.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Үкіметі ХВҚ-мен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады. Қордың сапар нәтижесінде ұсынған ұсынымдары тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қаралатын болады.





