Бізге жазылыңыз:

Қазақстан егіс көлемін 180 мың гектарға ұлғайтты

Қазақстан егіс көлемін 180 мың гектарға ұлғайтты

Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс науқаны толық аяқталды. Биыл жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға ұлғайды.

Үкіметтің мәліметінше, науқанның уақытылы әрі толық орындалуына мемлекеттік қолдау шаралары әсер етті. Атап айтқанда, фермерлерді ерте қаржыландыру, жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және егіс құрылымын әртараптандыру бағыттарына басымдық берілді.

Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 750 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 4,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі 573 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру алған. Бұл қаражат 6,8 млн гектардан астам алқаптағы жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік берді.

Егіс құрылымында дәнді дақылдар бұрынғысынша басым. Олардың көлемі 14,6 млн гектарды құрады. Сонымен қатар майлы дақылдардың егіс алқабы 4,2 млн гектарға жетіп, ауыл шаруашылығын әртараптандыру саясатының жалғасып жатқанын көрсетті. Картоп 126 мың гектарға, көкөніс дақылдары 120 мың гектарға, ал мақта 166 мың гектарға егілді.

Биылғы науқанның негізгі ерекшеліктерінің бірі – жоғары табысты дақылдарға басымдық берілуі. Нәтижесінде майлы дақылдардың алқабы кеңейіп, бидай егісі керісінше қысқарды. Бидай алқабы 12,1 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға азайды.

Үкімет су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударды. Республика бойынша күріш алқабы 20,6 мың гектарға қысқартылды. Ал мақта шаруашылығында тамшылатып суару технологияларын қолданатын егіс көлемі 29,8 мың гектарға ұлғайтылды.

Негізгі астықты өңірлер – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл аймақтарда да егіс құрылымын өзгерту жұмыстары жалғасып жатыр. Майлы және жемшөп дақылдарының үлесі артып, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық берілуде.

Сонымен қатар агросектордағы инвестициялық белсенділік те сақталуда. Ақмола облысында құны 900 млрд теңге болатын астықты терең өңдеу зауытының құрылысы жоспарланған. Жоба толық іске қосылған кезде 3 мыңға дейін жұмыс орнын құруы мүмкін. Қостанай облысында да астық өңдеу саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Егіс науқанын жүргізу үшін фермерлерге 402,3 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның бағасы литріне 281 теңге деңгейінде бекітілді, бұл нарықтағы орташа бағадан шамамен 15%-ға төмен.

Сарапшылардың пікірінше, биылғы науқан ауыл шаруашылығын әртараптандыру, өнімділігі жоғары дақылдарды көбейту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы саясаттың жалғасып жатқанын көрсетеді. Дегенмен агросектордың нақты нәтижесі күзгі жиын-терім науқаны мен әлемдік астық нарығындағы жағдайға байланысты болады.

Ұқсас материалдар