Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумы аясында халықаралық су ресурстарын басқаруды жетілдіруге арналған арнайы іс-шара өткізді. Нью-Йорктегі кездесуде БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы таныстырылды.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров қазіргі халықаралық су архитектурасының бытыраңқылығы жаһандық су мәселелеріне тиімді жауап беруге кедергі келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа халықаралық ұйым құру бастамасы су ресурстарын басқарудың үйлесімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Қатысушылар БҰҰ-ның су саласындағы қазіргі тетіктерін жетілдіру, халықаралық ұйымның рөлін күшейту және мемлекеттер алдында есеп беретін тиімді институционалдық жүйе қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар су қауіпсіздігі мәселесінің климаттың өзгеруі, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, экономикалық даму және халықаралық тұрақтылықпен өзара байланысына ерекше назар аударылды.
Іс-шара 2026 жылғы сәуірде Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясындағы алғашқы халықаралық консультациялардың жалғасы болды. Нью-Йорктегі кездесу Қазақстанның бастамасын БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен серіктестерге кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар Қазақстан делегациясы БҰҰ Университетінің Су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының директоры Кавех Маданимен және Германияның Қоршаған орта министрлігінің су мәселелері жөніндегі директоры Мириам Харитцпен екіжақты кездесулер өткізіп, БҰҰ-ның су архитектурасын институционалдық тұрғыдан нығайту бағытындағы ынтымақтастықты талқылады.