Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Аралды құтқару қорына $170 млн-ға жуық грант тартты

Қазақстан Аралды құтқару қорына $170 млн-ға жуық грант тартты

Шымкентте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) басқармасының отырысы өтті.

Жиынға Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Түрікменстан Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Дурды Генджиев және Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Қырғызстан өкілдері бақылаушы ретінде қатысты.

Тараптар 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өткен ХАҚҚ құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің қорытындыларын талқылады. Кездесу нәтижесінде мемлекет басшылары 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы шешім қабылдаған болатын.

$170 млн-ға жуық грант тартылды

Отырыста Қазақстанның 2024–2026 жылдардағы төрағалығы кезеңінде Қордың Атқарушы комитеті атқарған жұмыстардың қорытындысы қаралды. Осы уақыт аралығында 10 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп, халықаралық даму серіктестерінен қомақты грант қаражаты тартылды.

Атап айтқанда, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған CAWEC өңірлік ынтымақтастық жобасына $20 млн, REMIT бағдарламасына $145,2 млн және Француз даму агенттігінің жобаларына 2 млн еуро бөлінді.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен 13 меморандум мен келісім жасалды.

Қатысушылар Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының (ПБАМ-4) іске асырылу барысын және ХАҚҚ-ның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін де талқылады.

Сырдария бассейнінде суды есепке алу жүйесі енгізіледі

Отырыстың маңызды шешімдерінің бірі – Сырдария өзені бассейнінде су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу болды.

Қор басқармасы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының осы құжатты әзірлеу және бассейн елдерінің өкілдерінен жұмыс тобын құру туралы шешімін мақұлдады.

Тараптарға ұлттық үйлестірушілерді белгілеу, жұмыс жоспарының жобасын әзірлеп, келісу тапсырылды. Құжат кейін комиссияның бекітуіне және ХАҚҚ басқармасының мақұлдауына ұсынылады. Ал Қордың Атқарушы комитеті жоспарды іске асыруға қажетті техникалық және қаржылық қолдау мәселелерін даму серіктестерімен пысықтайды.

Сондай-ақ министр Нұржан Нұржігітов Орталық Азияның су ресурстарын пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция жобасын әзірлеу барысы туралы баяндады. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрылымында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының ілгерілеуі сөз болды. Бұл ұсынысты 2026 жылғы 8–10 желтоқсанда Әбу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында талқылау жоспарланып отыр.

Қанат Бозымбаев Қазақстанның ХАҚҚ-ға төрағалығы аяқталғанын хабарлады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қорға төрағалық ету Өзбекстанға өтеді.

Оның айтуынша, Қазақстан төрағалығының басты оқиғасы Астанада өткен Қор құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы болды. Оның қорытындысы бойынша Астана декларациясы мен мемлекет басшыларының бірқатар шешімі қабылданып, 26 наурызды Халықаралық Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендері күні деп жариялау туралы бастама қолдау тапты.

Ұқсас материалдар