Азық-түлік өнеркәсібінде Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып келеді. 2025 жылдың қорытындысында жануар және өсімдік тектес өнімдер мен дайын азық-түлік тауарларының экспорты шамамен $7 млрд болды. Ал 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында бұл көрсеткіш $3,6 млрд-қа жетті.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап құс еті мен сүт өнімдерін ЕАЭО елдерінің нарығына жеткізу кезінде туындайтын кедергілерге назар аударып, одаққа мүше мемлекеттердегі нарыққа қол жеткізу шарттарына тұрақты мониторинг жүргізуді ұсынды. Бұл өзара саудадағы тосқауылдарды азайтып, экспортты дамытуға серпін береді.
Премьер-министр Олжас Бектенов цифрландырудың ұлттық экономикалардың тұрақты дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
«2026 жыл Қазақстан Президентінің бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Digital Qazaqstan стратегиясының маңызды жобаларының бірі – Екібастұзда “Деректер орталықтарының алқабын” құру. Алғашқы 125 МВт есептеу қуатын іске қосу келесі жылдың маусымына жоспарланған. Бұл жоба Қазақстанның Еуразиядағы цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтеді», – деді Олжас Бектенов.
Отырыс қорытындысында алты құжатқа қол қойылды. Соның ішінде ЕАЭО-дағы электрондық сауда туралы келісім қабылданып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға және мүше мемлекеттердің нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталды. Келесі Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы 1–2 қазанда Минск қаласында өтеді.