Бізге жазылыңыз:

KAZAKH INVEST индустриялық аймақта инвестиция тартудың жаңа тетігін іске қосады

KAZAKH INVEST индустриялық аймақта инвестиция тартудың жаңа тетігін іске қосады
Пилоттық жоба Батыс Қазақстан облысында «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриялық аймағының аумағында іске асырылуда, мұнда шетелдік инвесторлардың қатысуымен 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Жаңа тетік инженерлік инфрақұрылымды инвестордың қаражаты есебінен салуды, кейін объектілер пайдалануға берілгеннен кейін индустриялық аймақтың қатысушылары мен мемлекет тарапынан шығындарды кезең-кезеңімен өтеуді көздейді. Мұндай тәсіл өндірістерді іске қосу мерзімдерін қысқартуға, бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін инфрақұрылымды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қолжетімділік үшін төлем» тетігін енгізу нәтижеге және ауқымдауға бағдарланған, инвестициялар үшін түсінікті әрі болжамды жағдайлар қалыптастырады.
Пилоттық жобаны іске қосу аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловтың атынан «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат индустриялық аймақ аумағында инвесторларды тарту және жобаларды іске асыру бойынша тараптардың өзара іс-қимылын бекітеді.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ индустриялық аймақтың операторы ретінде әрекет етеді және инвесторларды сүйемелдеуді, басқару мен жобаларды үйлестіруде үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді қамтамасыз етеді.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жұмысының нәтижесінде тартылған компаниялар жалпы құны шамамен 370 млн АҚШ долларын құрайтын, 1 500-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін 17 инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі бекітілген Жол картасына енгізілді. Құрылыс материалдары, металл конструкциялары, химия және жеңіл өнеркәсіп, өнеркәсіптік инфрақұрылым мен энергетика, индустриялық-логистикалық қызметтер салаларында өндірістерді іске қосу жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстан облысы дамыған газ және көлік инфрақұрылымы, тиімді географиялық орналасуы және жоғары транзиттік әлеуеті бар өңір ретінде пилоттық жоба үшін таңдалды.
Пилоттық жобаны іске асыру қорытындысы бойынша «Қолжетімділік үшін төлем» тетігін Қазақстанның басқа өңірлерінде масштабтау жоспарланып отыр.

— Бұл тетікті іске қосу жылдам, ашық және нәтижеге бағдарланған жаңа инвестициялық модельді қалыптастырады. Біз инвестордың «таза алаңға» емес, алдын ала дайындалған өнеркәсіптік алаңға келуіне жағдай жасап отырмыз, — деп атап өтті «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Жобаны іске асыру өңірге инвестициялар ағынын, жаңа жұмыс орындарының құрылуын, салық базасының өсуін және заманауи өнеркәсіптік инфрақұрылымның дамуын қамтамасыз етеді.

Ұқсас материалдар