Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Өзбекстан шекарадан жүктердің өтуін жеңілдетеді

Қазақстан мен Өзбекстан шекарадан жүктердің өтуін жеңілдетеді

Қазақстан мен Өзбекстан жүктердің кедендік рәсімделуін және шекарадан өтуін жеделдетуге бағытталған «Кедергісіз транзит» пилоттық жобасы бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

5–7 тамыз аралығында Алматыда Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті, Өзбекстанның Кеден комитеті және Халықаралық сауда орталығы өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті. Тараптар жобаны іске асыру тетіктерін талқылады.

«Кедергісіз транзит» жобасы серіктес елдердің экспорттық және транзиттік декларацияларын алдын ала ақпаратқа, кейін транзиттік декларацияға автоматты түрде түрлендіруді көздейді. Бұл рәсімдер санын қысқартып, тауарлар мен көлік құралдарын кедендік декларациялауды жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сапар аясында Өзбекстан делегациясы Жетісу облысындағы «Алтынкөл-жол» кеден бекетіне де барды. Өзбекстан өкілдері үшінші елдерге транзитпен қатынайтын контейнерлік пойыздардың автоматтандырылған өткізу процесімен танысты. Олар «Алтынкөл – Брест-Солтүстік», «Алтынкөл – Сарыағаш» және «Алтынкөл – Құрық» бағыттары бойынша жүргізілетін рәсімдерді көрді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар «Кедергісіз транзит» пилоттық жобасын іске асыру үшін тұрақты консультациялар өткізуді жалғастыруға келісті.

Ұқсас материалдар