Бізге жазылыңыз:

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жеделдетіледі

Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жеделдетіледі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026–2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Биыл ғана 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 1,1 трлн теңге бағытталады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2029 жылға дейін кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту бойынша 45 жоба жүзеге асырылатынын айтты. Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін кеңейту және Smart Turmys цифрлық платформасын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, ұлттық жоба аясында 77,5 мың шақырым электр және 1,6 мың шақырым жылу желісі жаңғыртылады. Соның нәтижесінде электр желілерінің тозуы 67%-дан 45%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 50%-дан 42%-ға дейін төмендейді.

Бүгінде «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы құны 625 млрд теңгені құрайтын 318 жоба қаржыландырылған.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік құқықтық база толықтай қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақтылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, одан әрі арттыра түсу қажет», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Ұлттық экономика министрлігіне инвестициялық қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Өңір әкімдіктері екі апта ішінде биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша қажетті шешімдер қабылдауы тиіс. Сондай-ақ барлық жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы қажет.

Бұдан бөлек, әкімдіктерге 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша өтінімдерді ұлттық жобаның электрондық платформасына енгізу, ал 1 желтоқсанға дейін барлық конкурстық рәсімдерді аяқтау міндеті жүктелді.

Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жобалардың мемлекеттік сараптамасын жеделдету, қазақстандық өндірушілердің қатысуын кеңейту және әлеуетті офтейк-келісімшарттарды бекіту тапсырылды. Ал Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізуді жеделдетуі тиіс.

Ұқсас материалдар