Бізге жазылыңыз:

«Формула-1 H2O»: Алматы облысында катер зауыты мен пилоттар академиясы ашылады

«Формула-1 H2O»: Алматы облысында катер зауыты мен пилоттар академиясы ашылады

Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы алдағы 5 жыл бойы халықаралық «Формула-1 H2O» жарысын қабылдайды. Жоба тек жарыс өткізумен шектелмей, өңірде спорттық катер шығаратын зауыт пен пилоттарды даярлайтын академияның ашылуын да қамтиды.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев халықаралық турнирдің Қазақстанның әлемдік беделін арттыруға ықпал ететінін айтып, әкімдік жобаны толық қолдайтынын жеткізді.

««Формула-1 H2O» секілді халықаралық жарыстарды өткізу еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін одан әрі арттыра түседі. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бастамаға толық қолдау көрсетіледі», – деді Марат Сұлтанғазиев.

H2O Racing компаниясының өкілі Раймондо ди Сан Джермано Қазақстанды жарысты өткізуге ең қолайлы мемлекеттердің бірі деп атады.

«Қонаевта пилоттарды даярлайтын академия ашып, спорт катерлерін шығаратын зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның толыққанды ұлттық құрамасын жасақтауға мүмкіндік бар», – деді ол.

Жоба аясында:

  • Қонаевта пилоттарды оқыту академиясы ашылады;

  • спорттық катерлер шығаратын зауыт салынады;

  • Қазақстанның ұлттық H2O құрамасы жасақталады;

  • Орталық Азиядағы су спорты федерациясын дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, 2027 жылғы «Формула-1 H2O» әлем чемпионатының Қазақстанда өтетіні Ыстықкөлдегі жарыс барысында ресми жарияланған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қапшағайдағы жарысты әлем бойынша 1 миллиардқа жуық адам тікелей эфирден тамашалайды деп күтілуде.

Ұқсас материалдар