Энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінеді
Қазақстанда инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жалғасуда.
Жоба аясында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым нысандары салынып, жаңғыртылады, цифрлық және энергия үнемдейтін технологиялар енгізіледі. Нәтижесінде елдегі инженерлік желілердің тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның 6,2 трлн теңгесі энергетика саласына, ал 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторды дамытуға бағытталады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы 8 мың шақырымға жуық су құбыры мен су бұру желілерін жаңғырту және кәріздік тазарту құрылыстары бойынша 45 жобаны іске асыру көзделген.
Жобаларды сүйемелдеу үшін EPC қағидаты бойынша жұмыс істейтін Бірыңғай электрондық платформа іске қосылды. Қазір онда жалпы құны 320 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау және су бұру саласындағы 112 жоба түрлі келісу кезеңдерінен өтуде.





