Былтырғы статистика бойынша, Астананың бюджеті – 1,8 триллион теңге. Оның 1,2 триллионы – шаһардың өз табысы. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді.
Сонымен бірге, ол «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданса, елорда бюджетіне қалай әсер ететініне тоқталды.
– Астананың қазір де ерекше статусы бар. Бірақ бұған дейін конституциялық заң деңгейінде емес, жай заң деңгейінде болған. Астана қаласының бюджеті қазір 1,8 триллион теңгенің көлемінде. Республикалық бюджеттен немесе жоғары тұрған бюджеттен деп айтамыз жалпы, трансферттері бар – 500 миллиард теңге шамасында. Ал елорданың өзіндік табысы – 1,2 триллион теңгенің көлемінде. Бұл – 2025 жылдың қорытындысы. Ал заң қабылданғаннан кейін, шаһардың бюджеті ұлғаяды немесе қысқарады деген жоспар жоқ. Қаланың ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді стратегиялық құжаттары бар, соның аясында одан әрі дамиды, - деді Бауыржан Омарбеков ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда журналистер сұрағына жауап бере отырып.





