Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі апат қаупін азайту және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру бағытында жұмыс істейтін Апаттарға дайындық жөніндегі Азия орталығымен (ADPC) ынтымақтастықты жалғастырып келеді.
Бірлескен жоба аясында Қазақстанның көміртегі ізі картасы әзірленуде. Ол парниктік газдар шығарындыларын тиімді бақылауға, басқаруға және елдің көміртегі ізін азайту стратегияларын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл бастама ұлттық және халықаралық климаттық міндеттемелерді орындауға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ADPC Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен бірлесіп орман өрттерінің алдын алу, ерте ескерту жүйелерін дамыту және орман ресурстарын қорғау шараларын күшейту бағытында жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.
Министрлік халықаралық әріптестік арқылы табиғи ресурстарды тиімді басқару мен климаттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастырады. Ведомствоның мәліметінше, ADPC-пен ынтымақтастық Қазақстанның тұрақты дамуы мен экологиялық қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.





