ҚР Әділет вице-министрі Даниель Ваисов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнамалық өзгерістер мен цифрландыру бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
Оның сөзінше, «Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, атқарушылық рәсімдердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді», – деді Даниель Ваисов.
Заңға сәйкес, әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін жеңілдетілген тәртіппен өндіріп алу шегі 20 АЕК-тен 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, борышкерді тұрғын үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабардар ету міндеті енгізілді. Атқарушылық құжатты ұсыну мерзімі өткен жағдайда мәжбүрлеп орындату шараларын тоқтату және салынған тыйымдарды алып тастау тәртібі де жеңілдетілді.
Бүгінде азаматтар үшін бірнеше цифрлық сервис қолжетімді. Атап айтқанда, «Цифрлық сот орындаушысы», AdiletGov мобильді қосымшасындағы «Тараптардың кабинеті» және «Цифрлық ассистент» қызметтері іске қосылған. Бұл жүйелер атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыруға, рәсімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтарға қызмет көрсетуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.





