Бізге жазылыңыз:

БЖЗҚ: соңғы 12 айда инвестициялық кіріс 2,8 трлн теңгеден асты

БЖЗҚ: соңғы 12 айда инвестициялық кіріс 2,8 трлн теңгеден асты

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары бойынша соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс 2,8 трлн теңгеден асты. Бұл кіріс Ұлттық банктің және инвестициялық портфельді жеке басқарушылардың зейнетақы активтерін басқаруы нәтижесінде қалыптасты.

БЖЗҚ мәліметінше, 2025 жылдың маусымынан 2026 жылдың мамырына дейін Ұлттық банк міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша 2,71 трлн теңге инвестициялық табыс тапты. Осы кезеңдегі кірістілік 11,46% болды.

Ал жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан активтер бойынша 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес инвестициялық кіріс 115,29 млрд теңгені, ал кірістілік 17,12%-ды құрады.

Қор қысқа мерзімдегі кірістілік көрсеткіштері инвестициялық басқарудың тиімділігін толық бағалай алмайтынын атап өтті. Өйткені қаржы құралдарының құны мен валюта бағамдарының өзгеруі қысқа мерзімді нәтижелерге әсер етеді. Сондықтан инвестициялық табысты ұзақ мерзімді кезеңде бағалау объективтірек саналады.

1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғалы бері жинақталған инвестициялық кірістілік 1 095,39%-ға жетті. Осы кезеңдегі жиынтық инфляция 986,70% болды.

Ал 2014 жылы зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен бері Ұлттық банк салымшылар үшін 10,94 трлн теңге таза инвестициялық кіріс қалыптастырды. Төлемдерді ескергендегі бұл соманың жалпы зейнетақы жинақтарындағы үлесі 41,2%-ды құрайды.

Сонымен қатар салымшылар өздерінің міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаттың 50%-на дейін, ал ерікті зейнетақы жарналарының 100%-ын жеке инвестициялық портфельді басқарушының басқаруына бере алады.

Қазіргі таңда жеке басқарушылар үш инвестициялық стратегияны ұсынады. Ki (12) портфелі барлық салымшыларға арналған және оның нәтижесі соңғы 12 ай бойынша бағаланады. Ki (36) портфелі зейнетке шығуына кемінде үш жыл қалған азаматтарға ұсынылады. Ал Ki (60) портфелі зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған ұзақ мерзімді инвестициялық стратегия болып саналады.

Ұқсас материалдар