Бізге жазылыңыз:

БҚО-да қоқыс өңдеуге қатысты төрт жоба іске асырылуда

БҚО-да қоқыс өңдеуге қатысты төрт жоба іске асырылуда

Батыс Қазақстан облысында қалдықтарды жинау, сұрыптау және кәдеге жарату инфрақұрылымын дамытуға бағытталған төрт жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы облыстық әкімдік редакция сұранысына жауап ретінде хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, облыста қалдықтарды сұрыптайтын кешеннің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 18 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Іске қосылғаннан кейін 30 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды, өндірістік қалдықтарды бастапқы өңдеу және құрылыс қалдықтарын жою жолға қойылады. Бұл жобаның құны — 230 млн теңге.

Қалдықтарды өңдеу саласын жаңғырту аясында шиналарды өңдеуге арналған жабдықтарды жаңарту көзделуде. Жобаға жеке инвестициялар көлемі 258,2 млн теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, арнайы техникалармен жабдықтау бойынша материалдық-техникалық базаны нығайтудың екінші кезеңі іске асырылуда. Бұл мақсатқа 433,3 млн теңге бөлінді.

Әкімдік 2023 жылы облыста қуаттылығы жылына 5 мың тонна болатын, құны 800 млн теңге тұратын қоқыс сұрыптау кешені іске қосылғанын да еске салды.

Ұқсас материалдар