Қазақстанда сүт өнімдерін өндіруді жергіліктендіру мүмкіндігі австриялық Berglandmilch кооперативі мен грек Desserta Hellas компаниясының қатысуымен өткен кездесуде талқыланды. Келіссөздерді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өткізді. Кездесуге Қазақстанның Грекиядағы елшісі Тимур Сұлтанғожин де қатысты.
Тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы инвестициялық ынтымақтастық аясында сүт өнімдерін өндіру жобасын іске асырудың түрлі форматтарын қарастырды. Олардың қатарында жаңа өндіріс орнын ашу, қазақстандық серіктестермен бірлескен кәсіпорын құру, сондай-ақ өнімді дистрибуциялаудан кезең-кезеңімен жергілікті өндірісті жолға қою мәселелері бар.
Келіссөз барысында сүт өңдеуді жергіліктендіру, ірімшік пен йогурт өндірісін дамыту, сүт жинау және салқындату логистикасын жетілдіру, сондай-ақ еуропалық технологиялар мен сапа стандарттарын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Қазақстан агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тамақ өңдеу өнеркәсібін жаңғыртуға басымдық береді. Berglandmilch пен Desserta Hellas секілді тәжірибелі еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар деп санаймыз. Қазақстан тек өткізу нарығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін өндірістік-экспорттық алаңға айнала алады», – деді Әлібек Қуантыров.
Қазақстанның Грекиядағы Елшілігі мен KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған сапар барысында шетелдік делегация Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровпен, «Бәйтерек» холдингі, «Атамекен» ҰКП және QAZAQ SUT өкілдерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ олар Ақмола облысындағы «Астана Өнім» АҚ-ның өндірістік алаңына барды.
Инвесторларға мемлекеттік қолдау тетіктері, өндірісті орналастыруға арналған ықтимал алаңдар және жобаны «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу мүмкіндіктері таныстырылды. KAZAKH INVEST жобаны барлық кезеңде қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Berglandmilch – Австриядағы ең ірі сүт кооперативі. Ол шамамен 11 мың фермерлік шаруашылықты біріктіріп, жыл сайын 1,3 млрд литрге жуық сүт өңдейді және өнімін әлемнің 50 еліне экспорттайды. Ал Desserta Hellas – кооперативтің Грекия, Кипр және Балқандағы эксклюзивті серіктесі, 2024 жылдан бері өз ірімшік өндірісін дамытып келеді.





