Астананың денсаулық сақтау жүйесіне диагноздың дәлдігі мен жеделдігін арттыруға бағытталған жасанды интеллект шешімдері енгізіліп жатыр. Жаңа технологиялар дәрігерлердің жүктемесін азайтып, ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Негізгі жобалардың бірі — WDSOFT жүйесі арқылы радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру. Жоба онкологиялық аурулармен күрес жоспары аясында іске асырылып, қазір оған елорданың 19 медициналық ұйымы қосылған.
Жүйе медициналық кескіндердегі патологиялық өзгерістерді анықтауға көмектесіп, диагноз қою уақытын 10 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 1 тамыздан бері Астананың бірыңғай орталық архивінде 360 мыңнан астам радиологиялық зерттеу жинақталған. Оның ішінде 282 603 рентген және флюорографиялық зерттеу, 44 215 КТ, 3 878 МРТ, 28 618 маммография және 949 ангиографиялық зерттеу бар.
Цифрлық медицинадағы тағы бір жоба — инсультті автоматты анықтауға арналған Cerebra жүйесі. Бағдарлама инсульттің түрін жылдам жіктеп, дәрігерлерге шұғыл шешім қабылдауға көмектеседі.
Жүйе №2 қалалық көпбейінді ауруханада пилоттық сынақтан сәтті өткеннен кейін оны елордадағы үш инсульт орталығына енгізу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар биыл «Жеке сүйемелдеу және онлайн-консультациялар орталығын» іске қосу жоспарланып отыр. Орталық пациенттермен байланысты күшейтіп, профилактикалық шараларға халықтың қатысуын арттыруға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталады.
Жоба аясында Астананың денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі көрсеткіштерді ЖИ арқылы бақылауға арналған ахуалдық орталық та жұмыс істейтін болады.





