Бізге жазылыңыз:

Астанада инвесторларға арналған «Инвестиция үйі» ашылады

Астанада инвесторларға арналған «Инвестиция үйі» ашылады

Астанада инвесторларға кешенді қызмет көрсететін «Kazakhstan Investment House» инвестициялық орталығы ашылады. Жаңа құрылым «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, инвесторларға қажетті қызметтердің барлығын бір жерден ұсынатын болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.

— Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызметтер көрсету үшін Астана қаласында инвесторларды қолдау мен оларға қызмет көрсетудің бірыңғай ақпараттық орталығы — Kazakhstan Investment House құрылады, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, жаңа орталықтың негізгі міндеттерінің бірі — жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыру және инвесторларды нақты жобаларға тарту болмақ.

Атап айтқанда, бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін перспективалы бағыттар айқындалады.

Сонымен қатар инвесторларға нарықтың жағдайы, инфрақұрылым, ресурстық база және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат ұсынылады.

— Бұл орталық «инвестицияларға тапсырыс беру» қағидатымен жұмыс істеп, инвесторларға дайын мүмкіндіктер мен нақты жобаларды ұсынатын болады, — деді Арман Қасенов.

Вице-министрдің мәліметінше, инвестициялық саясатты жетілдіру аясында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өңірлік даму институттарына айналдыру, сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысын жаңғырту жоспарланып отыр.

Жаңа бастама Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, ірі жобаларды іске асыруға және өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталған.

Ұқсас материалдар