Бізге жазылыңыз:

Астанада Coventry University жаңа кампусының құрылысы басталды

Астанада Coventry University жаңа кампусының құрылысы басталды

Астанада британдық Coventry University университетінің жаңа кампусының құрылысы басталды. Аумағы 35 мың шаршы метрден асатын нысанда заманауи оқу кеңістіктері, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы және технологиялық шешімдер шоғырланбақ.

Жаңа кампус студенттер мен оқытушыларға ғана емес, ғалымдар мен бизнес өкілдеріне де ортақ алаңға айналмақ. Мұнда қолданбалы зерттеулер жүргізіліп, еңбек нарығына қажетті мамандар даярланып, компаниялармен бірлескен технологиялық жобалар іске асырылмақ.

Құрылыс басталғанына арналған рәсімде Coventry University Kazakhstan студенттері болашақ білім алушыларға арналған тілектері жазылған уақыт капсуласын кампус іргетасына орналастырды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі әрі Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия елдеріндегі сауда өкілі лорд Джон Алдердайс, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Әлібек Бақаев, сондай-ақ университет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Кампус адами капиталды дамытуға бағытталады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа жобаның маңызы шетелдік университеттің Қазақстандағы қатысуын кеңейтумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

«Coventry University үшін бұл жай ғана бизнес-жоба немесе Ұлыбританиядан тыс жерде кезекті филиал ашу емес. Бұл – Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің дамуына үлес қосып, адами капиталды нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді міндет. Қазақстанда табиғи ресурстар, стратегиялық даму жоспарлары, маңызды минералдық қорлар, атом энергетикасы мен ауыл шаруашылығы сияқты әлеуетті салалар бар. Алайда осы мүмкіндіктерді ел игілігіне барынша тиімді пайдалану үшін білімі терең, білікті кадрлар қажет. Дамыған адами капитал ғана қолда бар ресурстарды жаңа технологиялармен ұштастырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер мен шешімдер жасауға жол ашады», – деді министр.

Кампус Астананың халықаралық білім беру инфрақұрылымын толықтырып, британдық білім алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында студенттер компаниялардың нақты міндеттерімен жұмыс істеп, ғылыми-зерттеу жобаларына қатыса алады. Сондай-ақ өздерінің инновациялық әзірлемелерін тәжірибеде сынауға мүмкіндік қарастырылған.

Астана әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді британдық білім беру ұйымдарының Қазақстандағы қызметінің кеңеюі екі ел арасындағы білім беру байланыстарын нығайтатынын айтты.

«Білім – ұлттық экономиканың және еліміздің болашағының негізі. Қазақстан әлемнен үйреніп қана қоймай, елге әлемнің озық білімі мен тәжірибесін әкелуі қажет. Жетекші британдық білім беру ұйымдарының Қазақстанда ашылуы екі ел арасында жаңа білім беру көпірін қалыптастырады. Біз британдық ұйымдармен бірге Қазақстанға білімді, стандарттар мен ғылыми-зерттеу тәжірибесін әкеліп қана қоймай, жаңа идеялар мен серіктестіктерді дамытуға, болашақтың көшбасшыларын, ғалымдары, кәсіпкерлері мен кәсіби мамандарын даярлауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырып жатырмыз», – деді ол.

Жасанды интеллект негізгі бағыттардың біріне айналады

Жаңа кампуста басымдық берілетін бағыттардың бірі — жасанды интеллект. Оны өнеркәсіп, қаржы, бизнес және дизайн секілді нақты секторларда қолдануға баса назар аударылады.

AI білім беру бағдарламаларына практикалық міндеттерді шешу және жаңа технологиялық шешімдер әзірлеу құралы ретінде енгізілмек. Оқу процесіне Coventry University-дің халықаралық оқытушылары тартылады. Олар академиялық білімін Ұлыбританиядағы кәсіби тәжірибесімен ұштастырады.

Coventry University Group вице-канцлері Джон Лэтэм Қазақстандағы университеттің даму қарқынына тоқталды.

«Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде 30 мыңнан астам студент Coventry University білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатыр. Университет бірнеше кампус арқылы жұмыс істейді. Алайда Қазақстандағыдай жылдам қарқынмен еш жерде дамыған емеспіз. Primus Education серіктесімен, мемлекеттік органдармен және біз жұмыс істеп жатқан қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен ынтымақтастық, сондай-ақ қызметкерлеріміз бен оқытушыларымыздың еңбегі университетті жүйелі түрде дамытуға және жоспарларымызды іске асыруға мүмкіндік беріп отыр. Өзара іс-қимылдың ауқымы мен сапасы шынымен де жоғары», – деді ол.

Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов жаңа кампус құрылысының басталуын университеттің ұзақ мерзімді дамуындағы маңызды кезең деп атады.

«Біз Астанадағы жаңа кампусымыздың құрылысын бастаудың белгісі ретінде уақыт капсуласын қойдық. Бұл – университеттің ұзақ мерзімді дамуы жолындағы маңызды қадам және Primus Capital компаниясының Қазақстанда сапалы британдық білім беруді дамыту стратегиясына сәйкес келеді», – деді Мирас Дәуленов.

Қазақстанда екі кампусы болады

Coventry University Kazakhstan Астанада 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл — елордадағы британдық университеттің алғашқы лицензияланған кампусы.

Қазіргі уақытта онда 850-ден астам студент білім алып, 40-тан астам халықаралық оқытушы жұмыс істейді.

2026 жылғы қыркүйекте университет Алматыда инженерия, өнер және дизайн бағыттары бойынша екінші кампусын ашты. Осылайша, Coventry University Group Қазақстанда екі кампусы бар алғашқы британдық университетке айналды.

Ұқсас материалдар