Бізге жазылыңыз:

Астанада биыл 68 млрд теңгенің өнеркәсіптік жобалары іске асырылады

Астанада биыл 68 млрд теңгенің өнеркәсіптік жобалары іске асырылады

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанаға жұмыс сапары барысында өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеу бағытындағы бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Астана әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы елордада жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 26 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 32 млрд теңгеге бағаланған сегіз жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін тағы 36 млрд теңгенің 18 жобасы іске қосылып, шамамен мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Қала экономикасы жоғары өсім қарқынын сақтап отыр. Өткен жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі 18,9 трлн теңгеге жетсе, биылғы алғашқы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 587 млрд теңгені құрады. Оның 80%-ға жуығы жеке инвестициялар есебінен тартылған.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Technodom компаниясының логистикалық орталығын аралады. Ауданы 22 мың шаршы метрден асатын кешен толық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар құны 47,7 млрд теңгені құрайтын Wildberries Kazakhstan логистикалық хабының құрылысы таныстырылды. Жоба 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталып, 6 мың жаңа жұмыс орнын құруы тиіс.

Өнеркәсіп саласында ерекше назар медициналық бұйымдар өндіретін Heart Center Foundation зауытына аударылды. Инвестиция көлемі 5,1 млрд теңгені құрайтын кәсіпорын қазақстандық инженерлер мен дәрігерлер әзірлеген ALEM құрылғысын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл технология донорлық ағзаларды сақтау мерзімін бірнеше сағаттан бір тәулікке дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Зауыт толық қуатына осы жылдың қыркүйегінде шығуы тиіс.

Сондай-ақ Олжас Бектенов жалпы құны 8,8 млрд теңгені құрайтын RnR Group компаниясының нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығаратын өндіріс орындарын аралады. Кәсіпорындардың өндірістік қуаты тәулігіне 25 тонна нан-тоқаш өнімдері мен 100 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.

Агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңдеуді дамыту аясында Премьер-министр «Астана ЕТКОМ» ет өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Құны 8 млрд теңге болатын кәсіпорын 2026 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады. Зауыт тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнім шығарып, толық қуатына шыққанда 300 адамды жұмыспен қамтиды.

Сонымен қатар елордада 2025–2026 жылдары жалпы сыйымдылығы 12 мың тоннаны құрайтын екі көкөніс қоймасы мен жылына 53 мың тонна өнім өңдейтін үш зауыт іске қосылған. Алдағы екі жылда агроөнеркәсіптік кешенде жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын тағы жеті инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Олжас Бектеновтің айтуынша, өнеркәсіп, логистика және терең өңдеу бағытындағы жобалар экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық өндірістің үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар