Осы күзде Астанада жасанды интеллект көмегімен жасалған киноға арналған алғашқы халықаралық Astana AI Film Festival өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен креаторлар байқауға қатысу үшін өтінім бере алады.
Әлемнің әр елінен креаторлар фестивальдің aaiff.ai ресми сайтында өтінім тапсыра алады.
Ұйымдастырушылар Астанада өткен баспасөз конференциясында байқауға қатысу тегін екенін және оның жеке авторларға, командаларға, digital-креаторларға және студияларға жасына немесе кәсіби тәжірибесіне қарамастан ашық екенін хабарлады.
Байқаудың негізгі талаптарының бірі – full AI технологияларын пайдалану. Бұл жасанды интеллект фильм жасаудың басты құралы болуы тиіс, тек постөңдеу кезеңінде ғана қолданылмауы керек дегенді білдіреді.
Фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жалидің айтуынша, бүгінде AI-контент әлемдік creative tech индустриясындағы ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналып отыр.
«Авторлар, технологиялық компаниялар және халықаралық қауымдастық тарапынан AI-контентке қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Форматтың өзі үлкен қызығушылық тудырды. Көпшілік өздері келіп, биылдың өзінде қатысқысы келетінін айтып жатыр. Еліміздің осы бағытта алғашқылардың бірі болғанын қалаймыз. Бұл — жаңа индустрия арқылы әлемге өзімізді танытудың мүмкіндігі. Astana AI Film Festival технологиялар, шығармашылық және цифрлық контенттің жаңа форматтары тоғысатын халықаралық алаң ретінде қарастырылады», — деді ол.
Фестивальдің байқау бағдарламасы екі секциядан тұрады: алғашқы маусымның “The Future Worth Living In” («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») тақырыбындағы негізгі секция және мынадай жеке номинациялары бар ашық секция:
- үздік кейіпкер;
- үздік режиссура;
- үздік визуалды тіл;
- үздік оқиға;
- үздік концепция.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры — 1 миллион АҚШ доллары.
Қатысу үшін ұзақтығы 10 минутқа дейінгі қысқаметражды AI-фильм жасап, оны фестиваль платформасына жүктеу қажет. Жұмысты екі тәсілмен ұсынуға болады: видеоны YouTube-ке жүктеп, сілтемесін тіркеу немесе файлды бұлттық сервиске жүктеп, оның сілтемесін көрсету.
YouTube-ке жүктелген видеолар үшін сипаттамада Special for Astana AI Film Festival тіркесі, автордың аты-жөні және #SpecialForAAIFF хэштегі міндетті түрде болуы тиіс.
«Барлық өтінімдер техникалық тексерістен және кураторлық іріктеуден өтеді. Қорытындысында фестиваль командасы мен халықаралық сарапшылар 25 финалисті анықтайды, кейін оларды халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Біз үшін жұмыстарды іріктеуде ашық әрі кәсіби тәсілді қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін өз көзқарасын жеткізуге мүмкіндігі болмаған, ерекше ойлайтын адамдардың еңбегін көргіміз келеді», — деді жоба тең авторы Айзатулла Хуссейн.
Astana AI Film Festival 2026 жылғы 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Астанада Astana AI Week аясында өтеді. Байқау бағдарламасынан бөлек, фестиваль аясында AI-фильм көрсетілімдері, AI-контентке арналған конференция, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтары және авторлар мен продюсерлерге арналған питч-сессиялар жоспарланған.
Өтінім қабылдау 2026 жылғы 15 тамызға дейін жалғасады. Байқау финалистері қыркүйек айында жарияланады.





