Алматы International Congress and Convention Association (ICCA) ұйымының жыл сайынғы рейтингінде бірден 10 сатыға жоғарылады. Бұл қаланың халықаралық конгрестер, конференциялар және өзге де іскерлік іс-шараларды өткізуге қолайлы орталық ретіндегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
ICCA – іскерлік туризм саласындағы жетекші халықаралық коммерциялық емес қауымдастықтардың бірі. Оның құрамына әлемнің 100-ге жуық елінен 1 100-ден астам ұйым кіреді. Ұйымның рейтингі MICE-туризмнің даму деңгейін бағалайтын ең беделді халықаралық көрсеткіштердің бірі саналады.
Almaty Tourism Bureau ICCA ұйымының мүшесі ретінде үш жылдан бері халықаралық кәсіби қауымдастықпен және конгресс ұйымдастырушыларымен белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
«ICCA мүшелігі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылармен тікелей жұмыс істеуге, Алматының мүмкіндіктерін әлемдік алаңдарда таныстыруға және қалаға жаңа конгрестер мен конференциялар тартуға жол ашады. Биылғы рейтингте 10 сатыға жоғарылауымыз Алматының халықаралық MICE нарығындағы позициясының нығайып келе жатқанының айқын дәлелі», – деді Almaty Tourism Bureau туризмді дамыту бөлімінің басшысы Санжар Калешов.
ICCA-ның 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Алматыда өткен халықаралық іс-шараға қатысқан бір делегаттың орташа шығыны 1 210 АҚШ долларын құрады. Бұл қаражатқа қонақүй, тамақтану, көлік және басқа да қызметтер кіреді.
Орта есеппен бір халықаралық іс-шара қала экономикасына шамамен 327 мың АҚШ доллары көлемінде әсер етеді. Ал 2025 жылы Алматыда өткен ICCA іс-шараларының жалпы экономикалық үлесі 2,94 млн АҚШ долларына жеткен.





