Кездесу барысында энергетика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, экологиялық таза авиациялық отын (Sustainable Aviation Fuel, SAF) өндірісін дамыту, зияткерлік энергетикалық шешімдерді енгізу және заманауи энергия жинақтау жүйелерін пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Алатау қаласының аумағында алғашқы практикалық пилоттық жобаны іске қосу мүмкіндігін де қарастырды.
«“Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы” Конституциялық заң инвесторларға құқықтық айқындықты, тұрақты салықтық жағдайларды және “бір терезе” қағидатын ұсынады. Алатау қаласы технологияларды жергіліктендіру мен сіздердің девелоперлік тәжірибелеріңізді енгізуге арналған пилоттық алаңға айнала алады. Үкімет қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде доктор Питер Ли Full Vision Capital компаниясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы ұзақ мерзімді әрі ауқымды әріптестік моделін қалыптастыруға бағытталған көзқарасын таныстырды.
«Қазақстан Үкіметімен Алатау қаласының “жасыл” трансформациясын қолдау бағытында ынтымақтасу – біз үшін үлкен мәртебе. Осы серіктестік аясында біз Алатаудың, сондай-ақ жалпы Қазақстанның тұрақты қалалық дамудың жаңа халықаралық стандартын қалыптастыруына ықпал ететін инновациялық технологияларды енгізуді көздейміз», – деді доктор Питер Ли.
Кездесу қорытындысында Alatau City Authority, Қазақстан Республикасының Энергетика, Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері мен Full Vision Capital компаниясы арасында Green Kazakhstan жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат ауыл шаруашылығы шикізатын өсіруден бастап оны өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі тұрақты авиациялық отын өндірудің интеграцияланған экожүйесін құру мәселесін бірлесіп пысықтауды көздейді. Сонымен қатар тараптар энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру және жаңартылатын энергия көздерін біріктіру үшін ақылды энергетика шешімдері мен никель-сутекті энергия жинақтау жүйелерін енгізу мүмкіндіктерін зерделейді.
Премьер-министр салалық мемлекеттік органдар мен Alatau City Authority ұйымына пилоттық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Анықтама: Full Vision Capital компаниясы доктор Питер Ли негізін қалаған инвестициялық-инкубациялық платформа болып табылады және «жасыл» экономика мен озық технологиялар саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған. Компания зияткерлік энергетикалық шешімдер мен заманауи экологиялық технологияларға маманданған. Доктор Питер Ли – Henderson Land Group, The Hong Kong and China Gas Company Limited (Towngas) және Towngas Smart Energy Company Limited компанияларының төрағасы. Аталған компаниялардың акциялары Гонконг қор биржасында айналымда.





