2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанның негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға жоғары.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, инвестициялық белсенділік экономиканың өсу қарқынынан жоғары деңгейде сақталып отыр.
— Алғашқы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,7%-ға өсіп, 4,9 трлн теңгені құрады. Ал 2025 жылы Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 20,5 млрд доллар болды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 14,4%-ға жоғары, — деді Арман Қасенов.
Вице-министрдің сөзінше, халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап келеді. Moody’s, Standard & Poor’s және Fitch агенттіктері елдің инвестициялық рейтингін тұрақты түрде растауда.
Сондай-ақ мемлекет инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда компанияларды тіркеу eGov порталы арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, инвесторларға инвестициялық келісімшарттар аясында салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және мемлекеттік қолдаудың басқа да құралдары ұсынылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар жаңа инвестиция тартуға, өндірісті кеңейтуге және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.





