Бізге жазылыңыз:

26 мыңнан астам жұмыскер арнаулы әлеуметтік төлем алып отыр

26 мыңнан астам жұмыскер арнаулы әлеуметтік төлем алып отыр

Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген азаматтарды әлеуметтік қолдау жалғасуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді 26,1 мың жұмыскер алып отыр.

Биыл төлемдерге бөлінген қаражаттың жалпы көлемі 24 млрд теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төлем алушылар саны шамамен 3,7 мың адамға көбейген.

Арнаулы әлеуметтік төлем заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға беріледі. Бұл қолдау зиянды еңбек жағдайындағы жұмысты тоқтатуға немесе еңбек табысын сақтай отырып, қауіпсіз еңбек жағдайындағы қызметке ауысуға мүмкіндік береді.

Төлем бірнеше қаржыландыру көзі есебінен жүзеге асырылады. Оның құрамына арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері, жұмыс берушілердің қаражаты және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын төлемдер кіреді.

Министрлік бұл тетік өндірістегі зиянды еңбек жағдайында ұзақ жыл еңбек еткен азаматтарды қосымша әлеуметтік қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар ведомство еңбек қауіпсіздігі жүйесін жетілдіру және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау шараларын одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастырады.

Ұқсас материалдар