Бізге жазылыңыз:

2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады

2035 жылға дейін Қазақстанға 2,9 млн маман қажет болады

Қазақстанда алдағы жылдары еңбек нарығы елеулі өзгерістерге ұшырайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның (WEF) Future of Jobs Report 2025 есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай елдегі негізгі жұмыс дағдыларының шамамен 40%-ы өзгеруі мүмкін. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен — 39%-дан — жоғары.

Өзгерістерге технологиялардың дамуы, демографиялық үрдістер, экономикалық жағдай және «жасыл» экономикаға көшу әсер етеді. Қазақстандық жұмыс берушілердің 58%-ы цифрлық технологияларға қолжетімділіктің кеңеюін бизнеске ықпал ететін негізгі факторлардың бірі деп санайды. Ал компаниялардың шамамен 70%-ы қажетті дағдылардың тапшылығын басты кедергілердің бірі ретінде атаған.

Технологиялардың рөлі артады

WEF бағалауынша, қазір Қазақстандағы жұмыс тапсырмаларының 43%-ын негізінен адамдар, 31%-ын адам мен технология бірлесіп, 26%-ын технологиялар орындайды.

2030 жылға қарай технологиялар атқаратын тапсырмалардың үлесі 39%-ға дейін өседі, ал негізінен адам орындайтын тапсырмалар 29%-ға дейін қысқарады. Адам мен технологияның бірлескен жұмысының үлесі 32%-ға жетуі мүмкін.

Бұл жұмыс орындарының дәл сондай көлемде қысқаратынын білдірмейді. Есепте өзгеріс жұмыс орындарының санына емес, тапсырмаларды орындау тәсілдеріне қатысты екені атап көрсетіледі.

ЖИ жаңа мамандықтарға сұраныс қалыптастырады

Қазақстандағы зерттеулер де еңбек нарығында трансформация жүріп жатқанын көрсетеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, 2024–2030 жылдары экономикаға 437,9 мың маман қажет болады. Оның 55%-ы техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларға тиесілі.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағалауынша, 2035 жылға дейін ел экономикасының жиынтық кадрлық қажеттілігі 2,9 млн адамды құрайды. Оның 1,8 млн-ы немесе 62%-ы жұмысшы мамандықтарға қажет болады.

Жасанды интеллектінің әсерінен 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 мамандықтың жұмыс тәсілі өзгеруі, 46 мамандық бойынша жұмыскерлер саны қысқаруы және 14 мамандықтың жойылу қаупі бар. Сонымен қатар 33 жаңа мамандықтың пайда болуы күтіледі.

Колледждерге жаңа талап қойылады

2026 жылдың басынан бері Enbek.kz еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орны жарияланған. Оның 432 мыңы немесе 51%-ы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

Қазір Қазақстанда 556 мың студент білім алатын 763 колледж бар. 2026 жылы 160 мамандық бойынша 3 мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды.

Үкімет кадр даярлау жүйесін өндірісті цифрландыру және ЖИ құралдарын кеңінен енгізу жағдайына бейімдеуді жоспарлап отыр. Мамандар цифрлық басқару жүйелерімен және заманауи технологиялармен жұмыс істей алуы тиіс.

Сонымен қатар өңірлерде салалық кадр даярлау кластерлерін дамыту, колледждерде қысқа мерзімді микробіліктілік бағдарламаларын көбейту және еңбек нарығына қажетті мамандарға мемлекеттік тапсырысты нақты сұраныс негізінде қалыптастыру көзделген.

Дереккөз: ranking.kz

Ұқсас материалдар