Бізге жазылыңыз:

2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозуы 40%-ға дейін төмендейді

2029 жылға қарай коммуналдық желілердің тозуы 40%-ға дейін төмендейді

Президент тапсырмасымен әзірленген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін Қазақстандағы инженерлік желілердің тозуын орта есеппен 40%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025–2029 жылдары ұлттық жобаны іске асыруға 13 трлн теңге инвестиция бағытталады. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторды жаңғыртуға, 6,2 трлн теңге энергетика саласын дамытуға жұмсалады.

«2025-2029 жылдары инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені, оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың шақырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады», – деді Асан Дарбаев.

Ұлттық жоба аясында 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады. Сонымен қатар 7 309 МВт жаңа энергия қуаты іске қосылып, 27 энергия өндіру нысаны салынып немесе қайта жаңғыртылады. Бұл елдегі электр, жылу, су және кәріз жүйелерінің сенімділігін арттырып, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 247 табиғи монополия субъектісін қамтиды. Жобаны іске асыру нәтижесінде тұрғындар үшін коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығы артып, апаттар саны азаяды, ал желілердің қызмет ету мерзімі ұзартылады.

Сондай-ақ 2029 жылға дейін тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақта тұрған 70 коммуналдық кәсіпорынды осы санаттан шығару жоспарланған. Бұл кәсіпорындардың қаржылық және өндірістік тұрақтылығын арттырып, өңірлердегі коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ұлттық жоба мемлекеттік қолдаумен қатар халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке инвестицияларды тарту арқылы жүзеге асырылады. Бұл инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдетіп, салаға ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар