— Биыл медициналық көмектің бірыңғай пакеті туралы заң қабылданды. Онда 2027 жылдан бастап бірыңғай сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу көзделген. Осы орайда міндеттемелердің 35 пайызы тегін медициналық көмектің кепілді көлемі жүйесімен және 65 пайызы МӘМС жүйесімен қаржыландырылады. Саланы цифрландыру аясында E-Densaulyk экожүйесі дамып, 17 ақпараттық жүйе оңтайландырылады, — деді Қанат Бозымбаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.
Сонымен қатар ол бүкіл ел бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
— Соңғы үш жылда Ұлттық онкология орталығы, жедел медициналық көмек және жұқпалы аурулар орталықтары және басқа да ұйымдарға арналған нысандар салынды. Ауылдарда денсаулық сақтауды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында осы жылдың соңына дейін 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек нысанын аяқтау жоспарланған, оның 637-сі салынды, — деді Үкімет басшысының орынбасары.





