Бізге жазылыңыз:

ЖІӨ, инфляция, ұлттық қор, бюджет: Үкіметтің 2026-2028 жылдарға экономикалық болжамы

ЖІӨ, инфляция, ұлттық қор, бюджет: Үкіметтің 2026-2028 жылдарға экономикалық болжамы
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылған. Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі болжам бойынша 5,4%, 3 жылдағы орташа жылдық өсім — 5,3%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсіммен қамтамасыз етіледі. Өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен өсу қарқынының 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін ұлғаюы болжанады, — деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысында. 
Вице-премьер ұсынған мәліметке сәйкес, тау-кен өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсім 2,8%, ауыл шаруашылығында — 3,9%, құрылыста — 11,0%, көлік қызметтерінде — 10,1% және саудада — 6,7%-ды құрайды. Оның айтуынша, оң сауда балансы сақталады.

— Экспорт болжам бойынша 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт — 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0% аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% сатысында. Макро болжамның негізінде 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірісі болжам бойынша 2026 жылы 19,2 трлн теңгені, 2027 жылы — 21,2 трлн теңгені, 2028 жылы 23,2 трлн теңгені құрайды, — дейді ол.
Сондай-ақ министр Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалатынын айтып отыр. Ал бюджет тапшылығы 2028 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 0,9%-ға дейін төмендей отырып, 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалды.

— Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан ЖІӨ-ге қатысты 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығысы 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы — 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы — 29,8 трлн теңгені құрайды. Кіріс пен шығыс бойынша бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ұлттық қордың таза валюталық активі 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2028 жылы 68,6 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр, — деп толықтырды С. Жұманғарин.
Бүгін Үкімет елдің үш жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын пысықтап жатыр.

Ұқсас материалдар