Қазақстан Ұлттық Банкі борыш жүктемесінің коэффициентіне (ҚДК) қойылатын талаптардан босату мерзімін ұзартты. Тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖЖ) жүйесі аясында берілетін қарыздар үшін жеңілдік 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал автонесиелер бойынша 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.
Қазіргі уақытта ҚДК-нің шекті деңгейін сақтау талабы ТҚЖЖ жүйесі аясында берілетін қарыздарға, сондай-ақ автокредиттердің жекелеген түрлеріне қолданылмайды.
Атап айтқанда, бұл ерекшелік Қазақстанда алғаш рет тіркелетін және несие бойынша кепілге қойылатын жаңа автокөліктерді сатып алуға берілетін қарыздарға қатысты. Сондай-ақ бастапқы жарнасы көлік құнының кемінде 50%-ын құрайтын қолданыста болған автокөліктерге де қолданылады. Ал үш жылға дейін пайдаланылған көліктер үшін ең төменгі бастапқы жарна 30% болуы тиіс.
Бұдан бөлек, жоба бойынша қолданыстағы несие бойынша мерзімді төлемдер мөлшерін ұлғайтпайтын ішкі қайта қаржыландыру операциялары кезінде ҚДК-нің шекті мәнін сақтау талабынан босату көзделген.
Сонымен қатар коэффициентті есептеу тәртібіне өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша қосалқы қарыз алушылардың кірістері мен борыштық міндеттемелерін есепке алу жоспарланған. Ал ипотека тұрғын үй төлемдері есебінен өтелетін болса, қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалау кезінде осы төлемдер де ескерілмек.





