Ұлттық банк бөліп төлеу қызметтеріне қолжетімділікті шектемейтінін мәлімдеді
Еске салайық, қыркүйек айында реттеуші BNPL (Buy Now, Pay Later — «Қазір сатып ал, кейін төле») өнімдері сегментіне қатысты талқылау құжатын жариялаған болатын. Оның мақсаты — нарықтың ауқымын бағалау, ықтимал тәуекелдерді анықтау және нарық қатысушылары мен тұтынушылардың пікірін жинау. Құжат бойынша ұсыныстар қабылдау 3 қарашада аяқталды.
Ұлттық банктің назарын аударып отырған негізгі мәселелердің бірі — бөліп төлеу операцияларының кредиттік тарихта көрсетілмеуі және тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарымен толық қамтылмауы.
«Негізгі міндет — нарықтың ашықтығын арттыру және тұтынушыларды қорғаудың ең төменгі талаптарын белгілеу. Ұсынылып отырған шаралар бөліп төлеу бағасын немесе көлемін реттеуге емес, ең алдымен шарт талаптарын ашып көрсетуге бағытталған», — делінген бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған Ұлттық банктің түсініктемесінде.
Жоспарланған шаралар қатарында бөліп төлеу шарттарына қойылатын талаптарды белгілеу бар. Атап айтқанда, келісімшартта айыппұлдар мен өсімпұлдардың мөлшерін қоса алғанда, барлық маңызды талаптар толық көрсетілуі тиіс.
Сонымен қатар бөліп төлеу қызметтерінің жарнамасын реттеу және мұндай операцияларды кредиттік бюроларда есепке алу көзделіп отыр.
Соңғы шара тұтынушылар үшін ерекше маңызды болуы мүмкін. Себебі бөліп төлеу міндеттемелері азаматтардың жалпы борыштық жүктемесін есептеу кезінде ескерілсе, жаңа несие рәсімдеу кезінде қолжетімді лимит төмендеуі ықтимал.
Жаңа талаптарды енгізу мерзімі әзірге нақтыланған жоқ. Қазіргі уақытта тиісті ережелер жобасы әзірлеу сатысында.





