Қазақстанда соңғы 25 жылда 18 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құрылғанымен, олардың ел экономикасына қосып отырған нақты үлесі күткен деңгейге жетпей отыр. Сарапшылардың талдауынша, өндіріс пен экспорттың негізгі бөлігі санаулы ғана аймақтардың үлесіне тиесілі, ал көптеген АЭА өңірлік экономиканы дамытудағы басты міндетін толық орындай алмай келеді.
Зерттеуде АЭА-лардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1%-дан сәл ғана асатыны, экспорттағы үлесі небәрі 0,3% екені айтылған. Сонымен қатар өндірілген өнімнің басым бөлігі ішкі нарықта қалып, экспортқа тек шамамен 7%-ы ғана шығарылады.
Тағы бір өзекті мәселе – инвестициялар жөніндегі деректердің сәйкессіздігі. Ресми ақпаратта тартылған инвестиция көлемі 11,2 трлн теңге деп көрсетілгенімен, аймақтар бойынша жарияланған мәліметтердің жиынтық сомасы шамамен 4,7 трлн теңгені ғана құрайды.
Сарапшылардың пікірінше, АЭА жұмысының тиімділігін арттыру үшін статистиканы жариялау жүйесін өзгерту, өңірлік инвестиция мен экспорттағы үлесті негізгі тиімділік көрсеткішіне айналдыру және экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау қажет.
Толық материалмен мына сілтеме арқылы танысуға болады: vlast.kz





