Қостанай облысындағы Смирновское кен орнында молибден өндіруді 2028 жылы бастау жоспарланып отыр.
«Qaz Mining Company» ЖШС Қостанай облысындағы Смирновское кен орнында молибден өндірумен айналысады. Кен орнындағы қорлар 2023 жылы мемлекеттік балансқа енгізілген.
Кен орны туралы не белгілі
Смирновское кен орны Қостанайдан шамамен 100–120 шақырым жерде орналасқан. Ондағы алғашқы геологиялық барлау жұмыстары 1957–1962 жылдары жүргізілгенімен, осы уақытқа дейін өндіріс басталмаған.
Qazba.kz мәліметінше, 2025 жылдың басында кен орнындағы +280 метр белгісіне дейінгі минералдық ресурстар 63,8 млн тонна кен құрамындағы 81,1 мың тонна молибденді құраған. Молибденнің орташа мөлшері шамамен 0,13% болған.
2025 жылға қарай мемлекеттік балансқа 65,7 млн тонна кендегі 77,6 мың тонна ықтимал молибден қоры енгізілген.
Кен орнын 25 жыл бойы ашық әдіспен игеру жоспарланған. Өндіріс 2028 жылы шамамен 500 тоннадан басталып, 2035 жылға қарай жылына 4,5 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Кен орнындағы мысты өндіру 2030 жылдары басталуы мүмкін.
Молибден не үшін қажет?
Молибден – салыстырмалы түрде сирек кездесетін металл. Оның негізгі қолдану саласы – металлургия. Ол легирленген болат өндіруде, сондай-ақ электроникада, машина жасауда және медицинада пайдаланылады.
Молибденнің ірі кен орындары Қытай, АҚШ және Чилиде орналасқан. Қазақстандағы барланған молибден қоры шамамен 130 мың тонна деп бағаланады.
Лондон металл биржасындағы молибденнің ағымдағы бағасы бір фунт үшін $33,42 деңгейінде.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Семейде жаңа автокөлік көпірінің құрылысы жалғасып жатыр
- 12 августа, 2026
Өскемен ЖЭО қуаты 100 МВт электр және 130 Гкал/сағ жылуға артады
- 12 августа, 2026





