Биыл көктемде Азия даму банкі (АДБ) Орталық Азияның жеке секторының климаттық өзгерістерге дайындығы мен ESG қағидаттарын енгізу деңгейін бағалады. Зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстан өңірдегі көшбасшы атанды.
АДБ сарапшылары Қазақстан 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қаржы ұйымдары үшін міндетті ESG есептілігін енгізген өңірдегі алғашқы ел екенін атап өтті. Сонымен қатар 2023 жылы KASE-де тіркелген компаниялардың шамамен 57%-ы тұрақты даму жөніндегі ерікті есептерін жариялаған.
Халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның орны
Global Risk Profile ұйымының 2023 жылғы ESGI индексінде Қазақстан 183 елдің ішінде 36,3 балмен 52-орынға ие болды. Бұл — Орталық Азия мен ТМД елдері арасындағы ең жоғары нәтиже. Салыстыру үшін, Қырғызстан 37,11 балмен 54-орында, Армения 37,52 балмен 57-орында тұр.
БҰҰ Даму бағдарламасы мен Mohammed bin Rashid Al Maktoum Knowledge Foundation әзірлеген Global Knowledge Index 2025 рейтингінде Қазақстан 52,3 балл жинап, Орталық Азияда бірінші орынға шықты. Қырғызстан мен Өзбекстанның көрсеткіші — 49,2 балдан, Тәжікстан — 42,9, Түрікменстан — 29,7 балл.
Климаттық тұрақтылық бойынша да Қазақстан өңірде көш бастап тұр. Нотр-Дам университетінің ND-GAIN индексінде 2024 жылғы қорытынды бойынша ел 56,4 балмен әлемде 44-орынға ие болды. Бұл — Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасындағы үздік көрсеткіш. Ресей 56,3 балл, Өзбекстан 52,5 балл, Қырғызстан 51,4 балл жинады.
Йель университетінің EPI 2026 экологиялық тиімділік индексінде Қазақстан 41,26 балмен Орталық Азияда бірінші орынға шықты. Соңғы он жылда елдің көрсеткіші 9,43 балға жақсарған. Өзбекстан 34,79, Түрікменстан 34,64, Қырғызстан 33,75, Тәжікстан 26,75 балл жинады.
Қазақстандық компаниялар ESG қағидаттарын енгізіп жатыр
Елдегі ірі компаниялар тұрақты даму бағытында нақты жобаларды жүзеге асырып, халықаралық стандарттарға сай есептілік жариялайды.
-
Отбасы банк 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму стратегиясын бекітті. 2025 жылы Sustainable Fitch агенттігі банктің тұрақты даму бағасын 55-тен 60 балға дейін көтерді. Банк АДБ-мен бірлесіп, «Ұмай» әйелдер ипотекалық бағдарламасын және «жасыл» ипотеканы дамытуда.
-
«Бәйтерек» холдингі экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық көрсеткіштері бойынша есептілігін IFRS S1/S2, SASB және GRI халықаралық стандарттарына сәйкес жариялайды.
-
«Алтыналмас» 2024 жылы алғаш рет S&P Global CSA бағалауынан өтіп, тау-кен металлургиясы секторындағы салыстырмалы компаниялардың үштен екісінен жоғары нәтиже көрсетті.
-
«ҚазМұнайГаз» шығарындылар, табиғи ресурстарды пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік және климаттық тәуекелдер бойынша жыл сайын есеп береді.
-
«Қазатомөнеркәсіптің» ESG бағасы 2025 жылы S&P Global нұсқасы бойынша 51 балға жетіп, бір жылда 2 балға өсті.
-
KEGOC 2025 жылғы ESG бағалауында 62 балл жинады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 балға жоғары.
Қазақстанның артықшылығы неде?
Халықаралық зерттеулер Қазақстанның ESG тәуекелдерін басқару, климаттың өзгеруіне бейімделу және экологиялық тиімділік бойынша Орталық Азияда алда екенін көрсетеді.
Сонымен қатар қазақстандық компаниялар тұрақты даму қағидаттарын корпоративтік есептілік, «жасыл» қаржыландыру және әлеуметтік жобалар арқылы тәжірибеге енгізіп келеді.





